Орал қаласының он жас сарбазы ҚР Қарулы күштерінің қатарына қосылды. Олар Алматы облысы, Іле ауданындағы Боралдай кентінде орналасқан №16194 әскери бөліміне Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін болады. Сарбаздарды әскерге қабылдап алу рәсімі №16194 әскери бөлімінде салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға Іле ауданы Қарулы күштер басқармасы бастығының орынбасары капитан, Н. Қазахбаев пен сержант Д. Құдайбергенов қатысып, жастарға ізгі тілектерін білдірді.
№16194 әскери бөлім командирі Т. Абдрахманов «Біз бүгін өз тағдырын Отан қорғауға арнаған азаматтардың байланыс бригадасы және десанттық шабуылдаушылар қатарына алынуына байланысты жиналып тұрмыз. Енді сарбаздар Отан алдындағы Конституциялық борышын өтеу үшін ант қабылдап, елді қорғау қызметіне кірісетін болады. Бүгінгі шара айрықша мән мен мағынаға ие. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткелі бері Елбасы саясаты арқасында қауіпсіздік күштері нығайтылу үстінде. Азаматтардың әскери міндетін орындауына барынша жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, армия әрдайым сақадай сай болуы тиіс. Бұл - мемлекет қойып отырған міндет. Сарбаздар лайықты Отан қорғаушылар болады деп сенемін», - деді
- Әскери өмірдің ер азаматқа берері көп. Оларды байсалдылыққа, сабырлыққа, төзімділікке тәрбиелеп, рухын, ерік-жігерін көтеріп, биік жетістік, шыңдарға жетуіне мүмкіндік туғызады. Бүгінгі күн біз үшін өте маңызды. Қарулас достарымды Ант қабылдау күнімен шын жүректен құттықтаймын, биік жетістікке жетуіне тілектеспін деп, ақ тілегін білдірді 16194 әскери бөліміне келген оралдық он сарбаздың бірі - Е.Логвиненко.
Ұлын әскерге шығарып салуға келген ата-ана Г. Ихсанова, ұлым әскерге барамын дегенде не қуанарымызды, не жыларымызды білмедік. Себебі, жалғыз ұлдың көз алдымызда жүргені дұрыс еді. Бірақ өзі шешім қабылдаған соң қарсы болмадық. Бір жыл өте шығады ғой. Отан алдындағы міндетін өтеп, аман-есен ортамызға оралса деп тілейміз, - деді .
Айта кетейік, аталмыш әскери бөлім 1943 жылы Пенза қаласында негізі қаланған. Биыл оған 73 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам жасаған әскери бөлімге тек қайтпас қайсарлықпен Отан алдындағы адалдығын биік беделмен атқара беруіне тілек білдіреміз.
