БАСТЫ

 
 
 
САРЫТАУҚҰМНЫҢ САРЫ АЛТЫНДАЙ САЗЫ-АЙ 29.11.2016


      Өткен аптада КазЦИК ауылдық округіндегі Комсомол ауылындағы №31 орта мектепте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» жобасы аясында «Қазағымның ән-күйімен Тәуелсіздік таңы атты» халықтық «Сарытауқұм» ансамбліне 35 жыл толуына орай ән-сазды кеші өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Д Жүнісов қатысты. Онда сарытауқұмдықтар әнмен әрлеп, мың бұралған биімен көпшілікті таңдандырды.
Акцияның алғашқы шымылдығын ілеліктер ғана емес, облыс бойынша танымал, атағы бел асқан 1979 жылы бұрыңғы Күрті ауданының аудан орталығы Ақши ауылындағы аудандық Мәдениет үйі жанынан көркемөнерпаздар үйірмесінен құрылған «Сарытауқұм» ән-би ансамблінің есептік концертімен ашылды.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші аталмыш ансамбль сонау 1981 жылы «халықтық» атағын алып, сол жылы Германияда өткен халықаралық фольклорлық ансамбльдерінің фестиваліне қатысып, лауреат атанып келген болатын. Содан бері ауданымыздың өнер саласындағы бет-бейнесіне айналды. Барлық қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмай белсене қатысып, халықтың қошеметіне бөленіп жүр.
Кезінде Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық-бүкілодақтық ІІ-фестивалінің лауреаты, Октябрь революциясының 70 жылдығына орай өткен бүкілодақтық фестивальдің лауреаты болды.
«Сарытауқұм» ән-би ансамблінің репертуары сары алтынға толы қазынадай бай. Олар Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», Ақан серінің «Гауһартасы», Н.Тілендиевтің «Кел, еркем Алатауыма», «Сарыжайлауым», «Көш керуен», «Мұрагер» сияқты шығармалары, Құрманғазының «Балбырауыны», К.Күмісбековтің «Өмір жолы» сынды халық күйлері мен халық композиторларының, өзге де қырғыз, өзбек, татар, молдаван, орыс халықтарының әндері мен билерін де өз нақышымен келтіріп орындағанда ұйыған қалпы тыңдай бергің келеді.
Қазіргі кезде ансамбльдің көркемдік жетекшісі болып Рамазан Жасұлан тағайындалғалы бері жаңа серпінге ие болып, қайта түрленді. Құрамында өнер десе ішкен асын жерге қоятын 34 адам бар. Ансамбль әр сала қызметкерлері мен үлкен сынып оқушыларынан құралған..
Ансамбльде талай жыл терін төгіп, өркендеуіне еңбегін сарп еткен Қ.Жанжігітов, белді әнші, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Г.Ахметбаева, жаста болса да әр мерекенің ұйымдастырушысы болып жүрген балетмейстер Қ.Ахметбаева, Ә.Төлемісова сынды өнерпаздардың белсенді еңбектерін атап өткен жөн.
Ансамбль сәуір айында тұңғыш өткен облыстық «Ғасырлар үні» атты фольклорлы-этнографиялық ұжымдар арасындағы байқауға қатысып, Бизенің «Антракт» шығармасы мен жеке дауыста Нұрлан Әділшеевті сүйемелдеп, К.Әзірбаевтың «Ой, жайлау» әнін жоғары деңгейде орындап шықты. Нәтижесінде «Ынталандыру» жүлдесіне ие болып, дипломант атанды.
Бүгінде сахнада сарытауқұмдықтар өздерін нағыз өнер майталмандары екенін дәлелдеді.
Әні әуелеп, дауысы көкті жарған кештің соңында аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов ансамбль мүшелеріне аудан әкімінің атынан марапат қағаздарын табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, аудан көлемінде 25 күн бойы «25 жұлдызды күн» жобасы аясында әр түрлі тақырыпта кештер мен кездесулер және спорттық жарыстар, шағын концерттер ұйымдастырылуда. Бұл игі-шара 21 қараша мен 16-шы желтоқсан күндері аралығында өтеді. Оған аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық кітапхана, аудандық спорт бөлімінің басшылары мен бас мамандары ұйытқы болады. Ілелік тұрғындарды бір адамдай жұмылып, тәуелсіздігіміздің жалауын көкке көтеруге үндейміз.