Апта басында Байсерке ауылындағы №12 орта мектебінде «Ұлт көшбасшысының «Әлем XXІ ғасыр» Манифесін ақпараттық насихаттау мақсатында «Бейбітшілік-дамудың нақты көзі» тақырыбында баспасөз конференциясы болып өтті. Конференцияның мақсаты Елбасының 31 наурызда Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік самитінде әлем жұртшылығы алдында жасаған үндеуін оқушыларға түсіндіру еді. Аталған шара ұстаздар мен оқушылар арасында баспасөз конференциясы түрінде өтті.
Осы іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Т. Ботабеков, аудандық әкімдік аппарат мамандары, Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Қажиев, Байсерке ауылдық округі бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы С.Мұстафина мен ұстаздар, жас мамандар, ата-аналар, оқушылар қатысты.
Алғы сөзде тарихшы Н.Демесинова баяндама жасады. Ол өз баяндамасында 2016 жылы 31 наурызда Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік самитінде Елбасы Н. Назарбаевтың жариялаған манифестегі басты мәселелері туралы айтып, талдап өтті. Манифесте жариялаған 5 бағыт туралы айтылды. Милитаризм сөзіне түсінік берілді. Келесі бөлімі баспасөз конференциясы түрінде өтті. Баспасөз конференциясы 11 сынып оқушылары мен мектеп ұстаздарының арасында болды. Оқушылар ұстаздарға Елбасы жолдауларынан, Манифестен әртүрлі сұрақтар қойып, өздеріне қажетті мәліметтер алды. Мұғалімдер оқушылардың қойған сұрақтарына кең ауқымда нақты мәлімет берді.
Мысалы, халықаралық терроризм туралы сұраққа жас ұстаз А.Чайырбаев жауап берді. Онда бүгінгі күнде әлемде террорлық актілердің толастамай тұрғандығы, жер-жерде болып жатқан террористік актілер туралы қысқаша баяндады.
Келесі оқушының сұрағы әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуеті туралы болды. Сұраққа Шоқан Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қаржы және менеджмент кафедрасының профессоры Т.Демесинов онлайн режимінде тікелей жауап берді. Онда қазіргі уақытта алпауыт мемлекеттердің ядролық қару жасаудан бәсекелестікке түсуі, азық-түліктің жетіспеушілігі, ауыз су мәселесі, бай мемлекеттер мен кедей мемлекеттер туралы қысқаша айтты.
Елбасы жолдауындағы өмірдің баға жетпес құндылығы – балаға, бала тәрбиесіне, болашағына көп көңіл бөлу керектігі «Бала тәрбиелеу-болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән жатқандығы туралы мысал келтірді. Ата-анаға бала бойына қандай ізгі қасиеттер қондырып, тәрбиелеп жатқандығы туралы сұрақ қойылды.
Оған ата-аналар тарапынан қатысып отырған Н.Жанабилова Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясаты туралы айта келіп, бүгінгі күні баласының бойынан адамгершілікті, ізгілікті, білімді оқушы болуы үшін барлық жағдайлар жасап жатқандығы туралы өз ойын айтты. Бала тәрбиені отбасынан алатындығы «Ал отбасы - шағын мемлекет» екендігін еске салды.
Келесі оқушы қазақ тілі мұғалімі Е.Құсайынова: «Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ» деген ойды тарқатып айтып беруді сұрады.
Мұғалім қазіргі заман білімнің заманы екендігін, тек білімді адам ғана жоғары биіктерден көрінетіндігін баса айтты. Елбасы өз жолдауларында білім беру саласына көп көңіл бөлетіндігі, білім беру жүйесін дамыту, жетілдіру жоспарын құрып көптеген мақсаттарды жүзеге асырып жатқандығы туралы қысқаша баяндады.
Тарихшы А.Файзуллинаға оқушылар ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы жөнінде сұрақ қойды. Оған тарихшы соғысты болдырмау жөнінде жаһандық саммиттердің маңызына тоқталып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Оңтүстік Америкадағы, Үнді мұхитындағы Бейбітшілік аймағы туралы түсіндірді. БҰҰ бас Ассамблеясының 70 сессиясында «Қазақстан жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын жасау бастамасы туралы қысқаша баяндады.
Тағы бір тарихшы М.Қымызбековаға ядролық қарусыздану туралы сұрақ берілді. Мұғалім Қазақстан жиырма бес жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонының біржолата жабылғанын, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу керектігі жөнінде кең мағлұмат берді.
Қорытынды сөзді Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Қажиев алып, №12 орта мектепте өтіп жатқан баспасөз конференциясының мәніне тоқталды. Елбасының әлем халқына үндеуі, ядролық қарусыз өмір сүруге шақыруы маңызды құжат болып саналатындығын атап көрсетті. Мемлекет басшысының онда айтылған көптеген тың ойлары қазіргі ахуалдың шешімін дәл бере білгендігі жөнінде оқушыларға айтты. Маңызды құжатта көрсетілген адамзат баласының алдында тұрған ең басты міндет соғыс атаулыны түп-тамырымен жою керек екендігін оқушыларға түсіндірді. Сонымен қатар оқушылардың бейбітшілік туралы пікірлері де сұралды. Бейбітшілік болу үшін сабақты жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласудың маңыздылығына көңіл аударды. Мектеп әкімшілігіне «Таза аула» конкурсын жариялап, оқушылардың үйлерін таза ұстау үшін сайыстар ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Конференцияның өз мақсатына жеткендігін айтып, іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Келесі сөзді облыстық мәслихат депутаты Ботабеков Тоқан Кокенұлы алып, Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі самитте Елбасы әлемдік қауымдастық алдына халықаралық терроризм, қарусыздану туралы мәселе көтергендігін атап көрсетті. Манифестің бүкіл дүние жүзінде қолдау тапқандығы жөнінде айтып, оқушыларға білімді, тәрбиелі болыңдар деген тілек айтты.
Конференция өз мақсатына жетті. Оқушылар Елбасының «Әлем.XXІ ғасыр» манифесін түсінді. Өздеріне ой түйіп, әлемде болып жатқан жаһандық соғыстар туралы көзқарастары қалыптасты.

|