БАСТЫ

 
 
 

ЖАҢАША ДАМУ УАҚЫТ ҚАЖЕТТІЛІГІ

29.03.2017

 

Елбасының барша қазақ қоғамына Үндеуі - қиын белестерді артта қалдырып, өзге елдермен терезесі тең ел болып дамудағы жаңа жолға бет бұрыс.
Бұл Үндеудің ерекшелігі - билік тармақтары арасында өкілеттерді қайта бөлу мәселелерін қарастыру. Енді ел билеу екі тармаққа бөлініп, Үкімет және Парламент болып іске асады. Екі бағыттың да жауапкершілігі мен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігі күшейді.
Әрине, әлемдік жаһандану жағдайында Қазақстанның жаңаша дамуы - уақыт қажеттілігі және жүйелі кезең болмақ. Елбасы өзінің бірқатар өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке береді. Көз алдымызда өзгеріп жатқан қоғамдық үдерістер жағдайында Қазақстан да тыс қалмауы тиіс. Мемлекет басшысының айтуы бойынша, сыртқы саясатқа, ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғанысына күш-жігер жұмылдырады. Қазақстан мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру маңыздылығы түсінігін нығайту үстінде.
Сыртқы саясатты қолдау және жақсарту жолында Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болып қабылданғанына 25 жыл болды. Шет елдермен Елбасымыз тығыз қарым-қатынаста болып, экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында үлкен үлес қосып отыр.
Екі бағыттағы басқаруда Үкіметтің халық алдында жауапкершілігі артады, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жауапты болады. «Бүгінде икемдірек, үйлестірілген басқару жүйесі керек», - деді Елбасымыз өзінің Үндеуінде.
«Қазіргі заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым».
Осынау мемлекеттік деңгейде енгізіліп жатқан реформалар мен өзгерістер барлық салаға оң әсерін тигізетініне сенеміз. Біз енді жаңаша басқару кезеңіне аяқ басамыз. Ел басқару ісіне енгізіп жатқан өзгерістер -заман талабына сай енгізіліп жатқан игі істер. ХХІ ғасыр уақытында өмір сүріп жатқан қоғам үшін бұл нақты жасалған қадам және қоғамның барлық мүшелері нық алға басып, еліміздің жаһандану жолында дамыған мемлекеттер қатарында болуына үлес қосу - біздің міндетіміз.