2018 жыл қаңтар айының 16-сы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ресми сапармен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті. Сапар барысында Елбасымыз Қазақстан мен Америка елдерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда тарихи шешімдерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті орнату жөнінде ортақ саяси шешімдер қабылданды. Бұл биыл 26 жыл толатын екі ел арасындағы жемісті серіктестік одан әрі тереңдей түсетінін білдіреді. Қазақ елі үшін Вашингтон сыртқы саясаттағы негізгі серіктес әрі экономикадағы маңызды инвестор болып табылады.Мұнда экономикалық мәселені де айта кеткен жөн. Кездесу барысында Дональд Трамп Қазақстанды Орта Азиядағы қуатты әрі дербес тәуелсіз ел деп мойындады. Келіссөз барысында президентіміз 2,5 млрд доллар көлеміндегі 20 нәтижелі келісім шартқа қол жеткізді. Бұл келісімдер Қазақстанға экономикадағы «цифрландыру» мәселесін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Екі елдің президенттері кездесу барысында АҚШ пен Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту бойынша ортақтаса әрекет ететін сөз етті. Сонымен бірге Қазақстан терроризмге қарсы күресте АҚШ талпыныстарын қолдайтынын жеткізіп, Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе бойынша ортақтаса жұмыс істейтінін атап өтті.
Осындай мемлекетпен қарым-қатынас жасау, оның жақсы жақтарын алу – біздің ел үшін үлкен қуаныш, жетістік. Елбасымыздың көрегенділігінің арқасында дамыған елдер Қазақстанның әлемдегі орнын көрді, білді.
Осы орайда менің есіме атам қазақтың «Жақсымен дос болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен дос болсаң, қаларсың ұятқа» деген мақалы еріксіз есіме орала береді. Дамыған елдермен достық, ынтымақтастық орнату, тереземізді теңестіру – өзінен болатын іс емес. Ол үшін мемлекет үнемі даму үстінде болу керек. Сол елдермен тәжірибе алмасып отыру қажет. Ал ол үшін бізге үштілді оқу қажет. Елбасымыздың «Үштілділік – заман талабы» деп атап өткеніндей, орыс және ағылшын тілдерін үйренбей жақсы нәтижеге қол жеткізу қиын екені даусыз. Осы тұста айта кететін жәйт, латын әліпбиіне көшу – бұл да қажетті, заман ағымына сай өзгерістер дер едім. Болашақта еліміз әрі қарай дами беруі үшін өте қажет. Бұл тұрғыда менің 2016 жылы АҚШ-қа жасаған сапарымда көзім анық жетті.
Бұл мемлекеттің адамдары – өте мейірімді, жүзі жарқын, көмектесуге әрдайым дайын тұрады екен. Көшелері таза, мәдениеті өте жоғары халық екені көрініп тұрды. Таныса да танымаса да кез келген жанға амандасып жатқаны. АҚШ-та адамдар тек қана төлем карточкасымен жүреді екен. Тамақтанғанда да, көлікте де, тіпті азық-түлік алғанда да тек төлем карточкасын пайдаланады. Міне, экономикасы да мәдениеті де дамыған бұл елдерден аларымыз көп екенін сонда ұқтым. Бұл елдегі қызметкерлермен әңгімелескенімде олардың бірінші елін, екінші отбасын қорғайтынын мақтанышпен айтты. Кәсіпкерлеріне құрмет көрсетуі де мені таңғалдырды. Олардың біздің елді, Елбасымызды танитындықтарын естідім. Бұл мен үшін маңызды сапар болды десем қателеспеймін.
Замана көшіне дербес ел болып қосылған алғашқы күннен бастап еліміздің алдында көптеген мақсаттар тұрды. Қазақ елі мақсаттарға жету жолын ел болып ойласты. Соның нәтижесінде, еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Әлем елдері келіп қатысқан ЭКСПО-2017 көрмесінің өзі біз үшін үлкен қуаныш, жетістік.
2018 жылы еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына қауіпсіздік комитетіне төрағалық ететін болды. Бұл да Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында десек қателеспейміз. Елбасының болашаққа құрған жоспарын орындауда ел азаматтары бірігіп жұмыс істесек мақсатымызға жету де айқын бола түспек. Олай болса, Жастарымыз – жігерлі де білімді болуы керек.
Болашақта екі елдің бірлескен жобалары көбейеді деп сенемін.
Тоқан БОТАБЕКОВ,
облыстық мәслихат депутаты
|