26 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында аудан әкімінің жасыл шырша мерекесі аталып өтті. Оған аудан әкімі Қ.Медеуовтың өзі қатысып, мерекелік театрландырылған «Жаңа жылдық оқиғалар» қойылымын балалармен бірге тамашалады.
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 350 бала қатыстырылды.
Жасыл түске бөленіп, алуан түрлі ойыншықтармен безендірілген шырша айналасында өлең айтып, би билеген жас жеткіншектердің өнеріне ата-аналары мен көрермендер қауымы риза болды.
Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы «Айналайын бүлдіршіндер! Сіздерді, ертегілер әлеміне еліктірер шаттық шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі – Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл өмірде балбөбек балғындар – Сіздердің жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыласта-рыңызбен риза болғанда-рыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған салтанатты шара тек Сіздердің құрметтеріңізге арналады. Мұны жыл көлемінде тәлімді тәрбиесі мен алғырлығын көрсеткен оқушыларға аға буын өкілдерінің айтқан алғысы деп қабылдаңыздар. Балғын балалықтың базарында бақыт шапағатына бөлене беріңіздер» – деп жиналған жеткіншектерді Жаңа жылдарымен құттықтады.
Балалардың қиялында орын алған Аяз ата, Ақшақар және ертегілердегі түрлі персонаждар кішкентай көрермендерді қуанышқа бөлеп, мерекенің көркін аша түсті.
Жаңа жылдық шырша айналасына жиналған балаларға сыйлықтар ұсынылды. Шара барысында аудан бойынша тіркелген осы санаттағы барлық балаға сый-сияпаттар жасалды.

|