Өткен аптада аудандық жол полициясы, аудандық прокуратура қызметкерлері және сот бірігіп әкімшілік айыппұл төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды жауапқа тарту үшін арнайы рейд өткізді. Әкімшілік айыппұл – мемлекетпен заң бұзушылықтар үшін ең көп қолданылатын жазалау шарасы болып табылады. Мақсаты - әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде ақша өндiрiп алу.
Жылдан-жылға борышкерлер саны азаймай, керісінше өсуде. Бұл өте қауіпті қарқын. Жазасыздық адамдарда құқық бұзушылыққа деген «үйреншіктікті» қалыптастырады, сондай-ақ, моральдық талап етушілік жалпы деңгейінің түсуіне алып келеді. Әкімшілік жаза мемлекеттік мәжбүрлеу және құқықтық тәрбиелеу құралы ретінде жұмыс атқаруын тоқтатады.
- «Борышкерлердің арасында, әсіресе, көлік салығы мен қылмыстық істер бойынша тағайындалған айыппұлдарын төлемей жүргендер көп. Кейбіріне сот 6 айға шегерім жасаған. Бірақ, оны ұмытқан кейбір борышкерлер жылдап қарызын төлемейді. Сондықтан осындай қатаң ескерту шараларына көштік» - дейді рейдке қатысқан аудандық прокуратурасының аға прокуроры А.Жақсыбаев.
Рейд барысында көлік жүргізушілерінің мойнында төленбей жүрген қарыздары болса, өтеліп алынбақ. Ол үшін көп уақыт шығындалмайды. Бар болғаны жүргізу куәлігіндегі көлік иесінің аты-жөнін мәліметтер базасына тіркеу қажет. Өткізілген шара қорытындысы бойынша жалпы төленбеген айыппұл мөлшері 125 178 теңгені құрайтын 14 тұлға анықталды. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары бойынша нақты қаражат төленді.
