2013 жылы Парламент қабылдаған заңға сәйкес, биылдан бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні 1 желтоқсанда мерекеленетін болды. Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны белгілі. Ал бұл сайлаудың ерекшелігі неде еді? Расында, 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық сайлау КСРО шеңберінде өткен алғашқы халықтық үдерістің бірін білдірген болатын. Дәл осы 1991 жылдың 1 желтоқсанындағы сайлау арқылы Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын таныды. Бұған дейінгі Кеңестік кезеңнің барлық сайлауынан өзгеше өткен осы сайлау арқылы қазақ елі ендігәрі Қазақстан басшысы тек орталықтың пәрменімен тағайындалмайтынын, халықтың өзі билікке, өзінің көшбасшысын сайлау арқылы тікелей араласып, таңдау жасау құқығын жүзеге асыратынын сезінді. Нәтижесінде 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы - Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Елбасыға жүктеді. Расында бұл сайлау халық үшін аса жауапты кезеңде өтті. Өйткені, бұл «мызғымас» делінетін Кеңестер Одағының ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұс еді. Ал ондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Тізгінді қолға алған күні-ақ Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, бірақ жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын уәде еткен. Кейіннен халық та өзінің сонау жылы желтоқсандағы сайлауда жасаған таңдауы алдамағанына талай рет куә болды, әлі де куә болып келе жатыр. Расында, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Н. Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Сондықтан да былтырғы жылы Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет Басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық-саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты» 6 деп жазылды. Бұл даусыз шындық. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігінің 25 жыл ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғылын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды..
Сондықтан да, Қазақстанда Тұңғыш Президент күні мерекесі де уақыт өткен сайын маңызы артатын халықтық шараға айналады деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, бұл да жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты. Ұрпақ есінде солай сақталуы да тиіс.