Ауданымыздағы көпшілік нысандарындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кіреберіс жолдарының бекітілген қалыпқа қаншалықты сай жасалғанын тексеру үшін аудан әкімшілігіне қарасты мекеме қызметкерлері рейд жұмыстарына шықты. Рейдті жүргізу үшін арнайы Алматы облыстық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Е.Өмірзақов келіп, біраз мемлекеттік мекемелерде болып, мүгедектер үшін жасалатын қамқорлықтың деңгейіне көз жеткізді. Рейдке аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық орталық аурухана, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мамандары, аудандық білім бөлімі қатысты. Басты мақсат - мүгедек жандарға кедергісіз орта қалыптастыру.
Мүгедек жандар - ауру немесе жарақат алу нәтижесінде, өмір бойына немесе ұзақ уакытқа, еңбек қабілетін (толық немесе жартылай) жоғалтқандар. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда өз шешімін таппай отырған мәселелер жеткілікті. Солардың бірі мүмкіндігі шектеулі арбаға тағылған жандарға кіреберіс жолдарын (пандустарын) реттеу.
Ауданды аралап шыққан Алматы облыстық жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Е.Өмірзақов аудан көлеміндегі 10 мемлекеттік нысан Өтеген батыр кентіндегі аудандық орталық аурухана, Междуреченск, Жаңадәуір, Екпінді, Қосөзен, ауылындағы ауылдық амбулаториялар, Ынтымақ, Жетіген, Боралдай ауылдық округі «Водник» ықшам ауданындағы орта мектептерді аралап шығып оң бағасын берді. Кейбір орта мектептерде шақыру қоңырауы орнатылмаған. Осы олқылықтың орынын мектеп басшылары тез арада қолға алатынын ескертті.

|