Елбасының «100-нақты қадам» бағдарламасы - еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жолдауда барлық салаға халықаралық тәжірибені енгізудің жобасы нақты көрсетілген. Ұлт жоспары - 100 нақты қадам бағдарламасына ұласқан сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру еліміздің сот төрелігін әлемдік биік деңгейде атқаруға қабілетті, біліктілігі жоғары судьяларды дайындау және іріктеу ісіне серпін береді.
Бұл ел дамуының қазіргі тарихи кезеңіндегі сот төрелігін сапалы атқарудағы сот жүйесіндегі басым бағыттарының бірі болып табылады. Айта кетерлігі, биылдың өзінде осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен жыл басынан бері сот органдарының автоматтық жүйесі жұмыс жасай бастаған. Ақпараттық технологиялар да сот өндірісіне енгізілуде. Ол бұл сот жүйесінің ашықтығын қамтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек деген сөз. Сонымен қатар тағы бір басты мәселе - кәсіби сот жүйесін дамыту. «Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігін арттыру көп жағдайда судьялардың кәсібилік деңгейіне байланысты болып табылады. Сондықтан да Елбасы судьяларға қатысты қойылатын біліктілік талаптарын күшейтіп, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетігін қатайтуды жүктеген болатын. Судьяларға кандидаттар үшін жас шектеулері 30 жасқа дейін ұлғайтылады. Соның ішінде кандидаттың сот процестеріне қатысуы бойынша 5 жылдық жұмыс өтілі міндетті түрде болуы талап етілмек. Сонымен қатар кандидаттардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін тексеру үшін ситуациялық тест жүйесі енгізіледі. Соттарда жаңа келген жұмыс өтілі үш жылға дейінгі жас судьяларға көмекшілер институты енгізіледі, олар сот талқылауларына істерді дайындаумен, сот актілерінің жобаларын әзірлеумен айналысатын болады. Бұдан бөлек, ендігіде Әділ сот институты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының жанында қызмет ететін болады. Аталған институт тұрақты түрде судьялардың біліктілік талаптарын арттыруды қамтамасыз етеді. Судьялар бойынша қолданыстағы тәлімгерлік жүйесі жетілдіріледі, кепілгерлік институты енгізіледі.
Аталмыш тарихи құжатты өміршең ету бұған дейін жария етілген бес институттық жобаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен астасып жатыр. Бұл ретте биліктің белді бір тетігі - сот билігін жаңа деңгейге көтеру, яғни, реформалау екендігі даусыз. Осы тұрғыда Елбасы реформаларды әрі қарай тереңдете түсу үшін заң үстемділігін қамтамасыз ету - маңызды міндеттердің бірі екендігін атап өткенді. Бұл бес институттық реформаның бірі ретінде қарастырылып, «100 нақты қадам» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып отыр. Аудандық сот ғимаратында осы аталмыш тақырып аясында семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, халықпен пікір алмасу үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып, белсенді іс-қимыл жасалып жатыр. Осыған байланысты азаматтардың әділ сотқа қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында бес сатылы сот жүйесінен үш деңгейлі (бастапқы, апелляциялық, кассациялық) жүйеге өту көзделген. Бұл өз кезегінде азаматтардың бір соттан екіншісіне сабылмай, уақытын үнемдеуіне, тез арада әділ сот шешіміне қол жеткізуіне жол ашады.
Демек, мұндай барлық бағыт-бағдары көрсетілген, болашағы айқын, нәтижесі берекелі істің игілігінен ешкім де бас тартуы тиіс емес. Бұл жолда бәріміз жұмыла жұмыс атқаруымыз қажет. Ол үшін әр қазақстандық өзі атқаратын қызметін талапқа сай елдің қамын ойлап, Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып жұмыстарды жетілдіруіміз қажет деп ойлаймын.
|