Қазіргі таңда жаһандық жасампаз мемлекетімізде жастардың белсенділігі мен ынтасын арттыру мақсатында көп-теген бағдарламалар ойластырылып, іске асырылуда. Соның бірі ретінде жаңадан бастау алған Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесіп қолға алған «Жастар корпусын дамыту» жобасын айтуға болады.
Жоба – өз әлеуетін, өмірлік маңызы бар дағдыларын және жетекшілік қадір-қасиетін дамытуға, бастамашылық идеялар мен жобаларды іске асыруға ниеті бар бозбалалар мен бойжеткендерге, яғни, жастарға арналған.
Жобаның мақсаты – жастарды қоғамдық өмірге тарту және қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламасы арқылы сыни ойлау, эмоциялық интеллект, адамдарды басқару, шығармашылық ізденіс тәсілдеріне баулу, өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту.
Бұл жоба Қазақстанның төрт облысында – Алматы, Павлодар, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қанатқақты (пилоттық) режимде іске асырылуда. Тың жоба 18-29 жас аралығындағы белсенді, өзіндік ой-арманы, мығым мақсаты бар қыз-жігіттерді, оның ішінде қоғамнан өз орнын табуда қиналып жүрген жастарды жарыққа алып шықпақ.
Үш кезеңдік іріктеу қорытындылары бойынша үш топ қалыптастырылады:
А тобының қатысушыларына өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту және жобаларды басқару бағдарламасына қатысу, сондай-ақ өз кіші жобасын грант есебінен іске асыру және ментордың қолдауын алу мүмкіндігі беріледі;
В тобының қатысушылары грант есебінен өз кіші жобасын іске асыру мүмкіндігін алады;
С тобының қатысушыларына өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту және жобаларды басқару бағдарламасына қатысу, сондай-ақ ментордың қолдауын алу мүмкіндігі беріледі;
Міне, дәл осы Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесіп қолға алған «Жастар корпусын дамыту» жобасы аясында бізде белсенді жастар ретінде «Зайырлы мемлекеттегі діннің орны» атты өз кіші жобамызды жүзеге асырудамыз.
Біздің бұл бағыттағы жобаны алуымыздағы мақсатымыз – дін саласындағы зайырлы мемлекеттік саясаттың негізін түсіндіру жане радикалды ағымдарға қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру.
Соңғы уақытта түрлі ағымдардың арбауына түсіп, өзге діннің құрбанына айналып, отбасыларынан айырылып, дінімізді бұрмалап, өздерінше ұйым жасап, бизнес көріп, табыс көздеріне айналдырып отырғандар қаншама... Осындай себептердің салдарынан жастарымыздың қатарында не дұрыс бағыт, не бұрыс бағыт екендігін айыра алмай жүргендер көп. «Болашақ ұрпақ – ұлт негізі», сол себепті біздің жобамыздың басты мақсаттарының бірі жас ұрпақты жастайынан бастап дұрыс дінге бағыттау.
Біз жоба орындаушы топ, яғни жоба жетекшісі Исламов Шыңғыс Болатбекұлы, Ислам Жұлдызай Болатбекқызы, Төлеген Әсет Серикович осы бағытта Іле ауданы, Боралдай кентінде түсіндіру жұмыстары мен тәрбие сағаттарын өт-кізудеміз. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда жастардың теріс ағымдарға тартылу жолдары, қаупі мен алдын алуды негізге ала отырып Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектеп, №17 орта мектеп, №39 гимназия және көпсалалы үздіксіз білім беру колледжінде дінтанушы-теолог маманымыз дәрістер жүргізуде. Бұл жобаның маңыздылығы сол аудан жастарын салауатты өмір салтын жақсарта отырып, терроризм мен эктремизм әрекетінен сақтандырып, басқа дәстүрден тыс діндердің ықпалына түсіп, өмірде алданбау үшін сан алуан шаралар өткіздік. Атап айтсам дәрістер, семинарлар, дебаттар, видеофильмдер көру ашық пікірлесу мен сараптама жұмыс-тары мен конкурс, кездесулер өтіп, оң бағасын алдық.
Жалпы алғанда мемлекетіміздің осындай ауқымды жобалар арқылы жастарды қолдауының маңызы зор. Осындай жобалар арқылы біз сияқты жастар шығармашылық ізденіс, сыни ойлау және саяси-әлеуметтік көзқарас қалыптастыруда шыңдала түспек. Бұл дегеніміз жасампаз, зайырлы дамыған мемлекетіміздің ертеңінің негізін қалау, болашағын қалыптастыру деп түсінемін. Барлық жастарды жұмыс жоқ демей, осындай жобаларға қатысып, қоғамдағы жаман әрекеттерді әшкерелеп, жастарды оң бағыт пен ақ жолға сілтесек, нұр үстіне нұр болады. Ендеше бірге үлес қо-сайық!!!
Ш. ИСЛАМОВ, Боралдай кентінің жоба жетекшісі
|