Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, әріге бармай-ақ, аудан көлемінде өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгеруге құлшынып жүрген өзге ұлт өкілдерінің бірнешеуін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік.
Елбасы Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгіміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген сөзі кім-кімді болмасын, ойға қалдырады. Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол егеменді еліміздің берік арқауы. Еліміз тәуелсіз болғаннан егемен мемлекеттің нышандарының бірі ретінде қазақ тілі өзінің тарихи рөлін атқаруда. Ешкімнен кем емеспіз. Әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің құрамында болуға үлкен күш салынуда.
Апта ортасында ауданымыздағы «Алматы облысының «Тіл» әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандық филиалы қазақ тілін меңгеруші тыңдармандарымен 25 жұлдызды күн аясында «Тәуелсіз Қазақстан» атты ашық сабақ өткізді. Негізі аталмыш орталыққа жарты жылдықта 55-60 адам келіп арнайы сертификат алады. Орталыққа келушілерді аудандық кітапхана, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, тұтынушыларды қолдау қоғамдық бірлестігі, басқа да мемлекеттік салада қызмет атқарып жүрген мамандар мен мектеп ұстаздары құрайды.
Осы жолы әдістемелік орталықтың оқытушысы Қ.Ақбасованың ашық сабағына арайы Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары А. Абдрахманова мен сол орталықтың оқытушысы Ж. Елесбаева қатысып, өтілген ашық сабақтың сапасымен танысты. Ашық сабақта оқытушы Қ. Ақбасова тәуелсіздіктің төңірегінде ел тарихынан түрлі сұрақтар қойылып, қазақ тілі бойынша берілген тапсырмалардан тыңдаушылар тарапынан нақты жауап алынды.
Осы сабаққа жиі қатысып, А-1 қарапайым деңгейінен А-2 әрі қарай жарты жылдықты жалғастыруға мүмкіндік алған аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының бас маманы К.Пересторонина өзінің қазақ тілін меңгеруі жайлы былай деп ағынан жарылды:
- Әуелде қазақ тіліндегі кейбір сөз тіркестерін дұрыс айта алмайтын едім, кейін барлығын да аздап үйреніп келемін. Менің әлі де мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін, - деді.
Ол сонымен қатар осы орталықтың басшысы Б.Қаршаловаға және оқытушы Б.Төлегенова, Қ. Ақбасоваға жалпы ұжымға үлкен алғысын білдірді.
Қазір орталық үлкен серпіліспен қарқынды жұмыс жасап жатыр. Олар түрлі деңгейде өткізілетін сабақтар мен тапсырмалардың нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлер мен жеке компаниялардың мамандарының қазақ тілін меңгерудегі көкжиектерін кеңейтуде аянбай тер төгуде.
Ашық сабақ соңында әдістемелік орталықтың оқытушысы Қ.Ақбасова барлық тыңдаушыларға А-1 қарапайым деңгейлік сертификатын табыс етті.
