Барлығымыз өзіміздің күнделікті өмірімізде көршімізбен жоқ дегенде бір рет амандасып, қал-жағдай сұрасып, қарым-қатынас жасаймыз. Қазақта «Көршің қолайлы болса, қораң кең» деген нақыл тегін айтылмаса керек. Өйткені, көршіңе көп жағдайда үйіңді, қора-жайыңды сеніп тапсырасың. Қуанышың болса туыстан бұрын көршің естиді. Қиын жағдай бола қалса, көршің бірінші болып келіп, қолұшын береді, қыруар жұмысың бітпей жатса көмектеседі. Сондықтан болар, қазақ халқы баяғы заманнан-ақ көршімен берік қарым-қатынас орнатып, айрықша сыйласа білген. «Жақсы көрші тапқаның, мол олжаға батқаның», – деген сөз содан айтылған болар сірә.
Дей тұрғанмен соңғы жылдары көршімен аралас-құраластың азайып бара жатқандығын да мойындағанымыз дұрыс. Тіршіліктің қамы ма, жоқ әлде адамдар дүниенің артынан кетті ме, кім білсін, көршілер арасында бұрынғыдай тығыз қарым-қатынас жоқ. Осы орайда Алматы облысы ақсақалдар ұйымының Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы негізінде «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акциясы көршілердің өзара сыйластығын жақсартуды, ынтымағын арттыруды, оларды бұрынғыдан да бір-біріне жақындатуды көздегендей. Жақында ғана Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі мен аудандық және ауылдық ақсақалдар ұйымы өткізген «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акция осыны айқын дәлелдеді.
Акция басталмас бұрын ауданның жергілікті округінен келген қонақтар ащыбұлақтықтардың өз қолымен дайындаған әр ұлттың салт-дәстүріне негізделген көрмелерді көріп, күрт, өзбек, кәріс, ұйғұр, украин ағайындардың тағамдарынан дәм татты.
Акция барысында сөз сөйлеген Алматы облысы ақсақалдар ұйымының төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келімсейіт, аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Әмзе Әлдибекұлы Исаев, аудандық мәслихат хатшысы Роза Михайлкизи Абилова Ел Президенті Н.Назарбевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының маңыздылығына, өміршеңдігіне кеңінен тоқталып, ұлтаралық татулық, оның ішінде көршілер арасындағы сыйластық, жарасымдылық жөнінде өз ойларын ортаға салып, ата-баба дәстүрі жайлы кеңінен ой өрбітті.
Ауылдың ардагерлері өз күштерімен «Ерулік» атты театрландырылған көріністі тамаша қоя білді. Ақсақалдар мен әжелердің жаңадан көшіп келген көршісі Жұмабек Бейсенбаев атаның отбасына берген ерулігінде образға кіргендігі соншалық салт-дәстүрді, қонақ күтуді шынайы көрсетті. Үй иесі болған Мәдениет ата мен бәйбішесі Рыскүл Үмбетәлиева ерулікке өздерінің байырғы көршілері Кеншін Қасымбековты бәйбішесі Ұлдашпен, сондай-ақ азербайжан Лейла Алазованы,о рыс Надежда Ульяновнаны, күрт Нигар Чатуеваны қоса шақырып, дастархан басында басқа жақтан қоныс аударған қоныстарына үйден дәм татқызудың бұрыннан келе жатқан салт екендігін айтып, отырысты ән-күйге жалғастырып, мәре-сәре болды. Әсел Жәнібекова апамыз да өзінің көрегенділігін көрсетті. Келіндері тік тұрып қонақтарға күтім жасап, үлкендерді сыйлауды, кішіпейілділікті, қонақжайлылықты, ибалық пен ізеттілікті дәріптеді. Ең соңында көршілер бір-біріне өздерінің сый-сияпаттарын тарту етті. Округ ардагерлер ұйымының төрайымы Гүлжан Құлымбаева ауылдағы ақсақалдардың басын қосып, оларды бірлікке шақырды белсенділік танытты. Осы акцияны қорытындылаған округ әкімі Серік Исаұлы Күзембаев мұндай шараларды өткізудің маңыздылығын айтып, оның жастарға берер тәлім-тәрбиесіне, ең бастысы ұлтына қармастан көршілер арасындағы қарым-қатынастың барынша жақсаратындығына тоқталды. Көршілер татулығының жалпы ауыл тұрғындарының ұйымшылдығына, ауызбіршілігіне әсер ететіндігін айтып өтіп, салтанатты жағдайда акцияның эстафетасын көршілес ауыл КазЦИК округінің әкімдігіне тапсырды.
Бұл күні қонақтар үшін округте тұратын көптеген ұлттардың биі биленіп, әні шырқалды. Көршілер сыйластығы – қоғамның татулығының айқын белгісі екендігі осы акция барысында шынайы дәлелденді.
Роза АЙДАРБЕКОВА
|