БАСТЫ > 

 
 
 
«БОЛАШАҚ» ІРГЕЛІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ 27.10.2016

       

Қазақстан Республикасындағы Үкіметтік емес ұйымдар демократиялық үрдістерге тікелей қатысушылардың бірі және маңыздысы болып табылады. Сондықтан да қоғам мен билік олардың қызметін Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның құрылуындағы маңызды үлесіне айрықша назар аударады. Үкіметтік емес ұйымдардың ролі әлеуметтік мәселелерді шешу мен Қазақстанның басым азаматтарының қоғамның өміріне қызығушылығын арттырудағы билік пен халықтың күшін біріктіру үшін аса маңызды.
Бастапқыда «Болашақ» үкіметтік емес ұйымы болып тіркеліп, одан кейін «Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базис» қоғамдық ұйымы болып құрылған үкіметтік емес ұйымының жұмыс істегеніне 15 жылдан асып кетті. Осы жылдар арасында бұл ұйым оқушылар мен жасөспірімдердің, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, оларды жан-жақтылыққа, өнерге, спортқа жалпы шығармашылыққа баулуда тындырымды жұмыс атқарды. Қоғамдық ұйымның жанындағы әр түрлі үйірмелер оқушылардың мамандық таңдауына да өз септігін тигізеді. Соңғы жылдары ұйым жасөспірімдер клубы базасында жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық кеңестер мен әлеуметтік аудитті жандандыру бағытында да жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. Жалпы клубтың жұмысына 2460 бала тартылса, оның 1170-і үйірмелер мен секцияларға белсене қатысады. Осы балаларға 33 адам қызмет көрсетеді. Олардың барлығы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.
Қоғамдық ұйым жанындағы «Табыс» орталығында жастар үшін ағылшын және қазақ тілін үйрету жөніндегі тегін курстар жыл сайын жұмыс істейді. Ұйымның басшысы Мәншүк Бекходжаеваның айтуынша үстіміздегі жылдың өзінде мұнда алдын-ала белгіленген жоспар бойынша бірқатар игі-шаралар жүзеге асырылыпты. Атап айтқанда үстіміздегі жылдың ақпан айында барлық аулалық клубтарда Ауғанстаннан кеңес әскерін шығаруға байланысты ауған соғысына қатысқан жауынгерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіліп, арнайы концерт ұйымдастырылды.
8 наурыз аналар мерекесі қарсаңында барлық округтерде «Ана, менімен әңгімелесші» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылып, «Сіз өте әдемі әрі ақылдысыз», «Ал қанекей қыздар!» атты сайыстар өткізіліп, оған 155-тен астам бойжеткен қатысты. Жасөспірімдер ісі жөніндегі бөлім қызметкерлерімен бірлесе отырып мектеп жасындағы балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық тақырыбында семинарлар, әңгімелер өткізілді. Сондай-ақ, ауланы тазарту мен көгалдандыру бағытында «Игі істердің чемпионы» атты акция, оқушыларды өз денсаулығын күтуге үйрету, оларды саламатты өмірге бейімдеу мақсатында «Жас кезіңнен денсаулығыңды сақтай біл» атты әңгімелер ұйымдастырылды. Меншік пәтерлер кооперативімен және қоғамдастықпен бірлескен «Таза көше - дені сау адамдар» атты акцияға, «Жас суретші», «Наркотикке жол жоқ, деп айт» сайыстарына да жасөспірімдер белсене қатысты.
«Болашақ» қоғамдық ұйымына қарайтын жергілікті округтердегі аулалық клубтарда жыл сайын белгіленген жоспар бойынша тақырыптық есеп беру кештері өтеді. Мұнда оқушылардың өздеріне берілген тақырыпты толық ашуына мүмкіндік беріліп әрі олардың өнері сын тезінен өткізіледі. Мәселен, Қараой ауылындағы «Юность» аулалық клубының жетекшісі Н.Северина «Отбасы - ұлттың бесігі» атты тақырыпта үлкен шара өткізді. Шара барысында оқушылардың отбасы тақырыбына салған суреттері қойылып, 70-тен астам әр жастағы балалар концерттік бағдарламаға қатысты. Сол сияқты Р.Бейсебаева жетекшілік ететін «Үміт» клубында «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік», З.Қалекеева басқаратын «Ынтымақ» клубында «Аталар мұрасы - асыл қазына», Г.Темірғалиеваның «Жас толқын» клубында «Италияға саяхат», К.Жұмабаеваның басшылығындағы «Әсемай» клубы «Менің Отаным - Қазақстан», Б.Әлтешева басқаратын «Достар» клубында «Тәуелсіз елім - Қазақстаным» атты тақырыптық кештер өткізілді. Бұл шараларға округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары белсене қатысып, жас жеткіншектердің өнері мен шығармашылығына өз бағаларын берді.
Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жоба аясында аудандық кітапханада «Тарих жолы - тәуелсіздік жолы» атты дөңгелек үстел мен «Мемлекеттің және азаматтық қоғамның күші арқылы жемқорлыққа қарсы тұру» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 25 жыл» тақырыбы бойынша семинарлар өткізілді. Қоғамды бейбітшілік, тұрақтылық, келісім сияқты құндылықтарды бағалауға шақыратын дөңгелек үстелге этно-мәдени орталықтардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, кітапханашылар жұмыла атсалысты. Алғашқы семинарды жүргізген лектор Ж.Жақыпов азаматтық қоғам өкілдерінің жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудегі рөлі туралы кеңінен баяндады. Семинарларға аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова, аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Ә.Исаев қатысты.
«Болашақ» қоғамдық ұйымы жыл сайын Қазақстанның Сорос қорының гранттарына белсене қатысады. Биыл да осы қордың бірнеше гранттарын жеңіп алып, арнайы семинарлар ұйымдастырды. Атап айтсақ, Сорос қорының гранты негізінде «Азаматтық қоғам тарапынан қоғамдық бақылаудың механизмі», «Қоғамдастықпен тиімді байланыс қоғамдық кеңестерді дамытудың сенімді факторы» тақырыптарында екі күндік семинарлар өткізілді. Бұл семинарларға қоғамдық кеңес мүшелері, округтердегі қауымдастық өкілдері, аудандық әкімдік қызметкерлері қатысып, өздері үшін жан-жақты мағлұмат алды.
«Болашақ» әлеуметтік-азаматтық базис» қоғамдық ұйымы жасөспірімдердің бос уақытын пайдалы әрі тиімді ұйымдастырумен қатар, жергілікті округ әкімдіктерінің және ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Мерекелік даталар күні аналар мен жалғызбасты қарттарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, балаларға көмек пен қолдау көрсетіп, салтанатты шаралардың жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысады. Тақырыптық көрмелер ұйымдастырып, жас өскіндерді жауапкершілікке тәрбиелейді. Болашақтықтардың әлі де болса ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, өз биіктіктерін бағындыратынына сенім мол.