Боралдай ауылдық округі «Водник» ықшам ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген №40 орта мектептің техникалық және сәулет құрылысы жағдайын тексеру үшін «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты ұйымдастыру-бақылау Департаментінің инспекторы Р.Жұманов арнайы ауданымызға атбасын бұрды. Комиссия құрамында аудан әкімі Қ.Медеуов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов, Боралдай ауылдық округі әкімі М.Орынбаев болды.
Олар судай жаңа мектептің спорт залын, оқу кабинеттері мен асхана блоктарын қарап шықты. Осы ғимаратты салған «Жөндеуқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж.Абдімұратовтың айтуынша: Боралдай кентіндегі мектеп 600 орынға лайықталған. Бүгінгі күні химия, биология, физика, информатика кабинеттері заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. «Жаңа мектепті болашақта аудан бойынша ең үздіктердің қатарына қосуға аянып қалмаспыз. Қазіргі таңда мектебімізде 800-ге тарта оқушы білім алуда. Әрқайсысымен арнайы танысып жатырмыз», - деп ағынан жарылды №40 орта мектептің директоры Г.Исжанова.
Тексерушілер жаңа салынған ғимараттың сапалы екендігіне, мұнда оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайдың жасалғандығына көздерін жеткізді..
Аудан әкімі Қ.Медеуов Астанадан келген тексерушіге осы өңірдегі мектептердің жай-күйін кеңінен айта келіп, осы білім мекемесінің құрылысын жүргізген «Жөндеуқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарған жұмысын жоғары бағалады. Орталық аппарат департментінің инспекторы Р.Жұманов серіктестік басшысына өз ризалығын білдіріп, оның алдағы жұмысына табыс тіледі.

|