«Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының желілік кестесіне сәйкес аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, партия тобының жетекшісі А.Мұңайтбасова, партия белсендісі, қоғамдық кеңес мүшесі Л.Гасанова, «Ащыбұлақ» БПҰ төрағасының орынбасары Қ.Бұғабаев және аудандық білім бөлімі мамандары М.Түймебаев ауылы аумағында орналасқан мемлекеттік емес «Солнышко» балалар үйіне барып, өмірдің қиын тауқыметіне түскен, кәмелет жасына толмаған балалардың хал-жағдайымен танысты.
«Солнышко» балалар үйінде барлығы 59 бала тәрбиеленіп жатыр, ондағы балалардың демалуына, ойнауына, сабаққа дайындалуына, санитарлық тазалық сақтауына, денсаулығын бақылауға, сапалы тамақтануға барлық жағдай жасалынған. Балалар М.Түймебаев ауылындағы №19 орта мектепте, соның ішінде 1 бала №4 Островский атындағы арнайы мектеп-интернатта білім алады. Балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін театр, спорттық, компьютерлік үйірмелер жұмыс жасайды. Балалардың денсаулығын профилактикалық тексеру үшін жыл сайын медициналық комиссия өткізіліп тұрады. Балалар үйінің 37 тәрбиеленушісі үй алу кезегіне қойылған. «Ащыбұлақ» БПҰ «Солнышко» балалар үйінің құрылғанынан бастап демеушілік көмек көрсетіп келеді.
Балалармен кездесу барысында аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, партия тобының жетекшісі А.Мұңайтбасова балаларды Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, сыйлықтар тарту етті. Жылы лебіздер естіп, сыйлықтарға ие болған балалардың риясыз қуанышы бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатты.

|