БАСТЫ

 
 
 

БӘСЕКЕЛЕСТІК КҮШЕЙСЕ, БІЛІМГЕ СҮЙЕНЕМІЗ

27.02.2017

       

Елбасының биылғы Жолдауының экономикалық өсімнің технологиялық жаңғыртуға негізделген жаңа моделін құруға бағытталуы дер кезінде қабылданған шешім стратегиялық қадам деуге болады. Сондай-ақ, Жолдаудың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуы оның бүгінгі күнге дейін атқарылып келе жатқан еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу жолындағы стратегиялық саясатының жүйелі жалғасы екенін көрсетеді. Сонымен қатар экономиканың кез-келген саласын дамыту, цифрлық технологияға негізделген экономика дамыған инфрақұрылымды қажет етеді.

Жолдауда соңғы жылдары жүзеге асырылып келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы шараларды ары қарай толықтыра отырып, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән берілген. Тек біздің елімізде ғана емес, әлемдік еңбек нарығында бірқатар мамандықтар ескіріп, қатардан шығуы мүмкін. Бұл жұмысшылардың жаңа талаптарға бейімделуін қажет етеді. Жолдауда еңбек нарығына кадр дайындайтын білім беру саласының да жаңаша дамуы керектігін адами капиталды дамыту жөніндегі төртінші басымдықта айтқан. Бизнес салаларының дамуына жағдай жасауға арналған шаралар да қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берері сөзсіз. Бұл орайда үстіміздегі жылдан бастап, жүзеге аса бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жалпы шаралардың саннан-сапаға көшкенін, сапалы жұмыс орындарын ашуға бағытталғанына дәлел болмақ. Жоғарыда аталған басым бағыттардың жүзеге асуы тұрақты макроэкономикалық жағдайдың болуын талап етеді. Сондықтан макроэкономикалық тұрақтылық жеке басымдық ретінде қарастырылған.

Жолдауда бес бағытқа басымдық берген. Жоспар жүйелі түрде жүзеге асса, елдің дамуына ерекше екпін берері сөзсіз. Денсаулық сақтау, бизнес үшін де қолайлы жағдай жасалмақ. Бір жағынан тұтынушылар қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Жолдауда еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне баса назар аударылды. Расымен де, қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде бәсекелестік күшейіп жатыр. Біздің елге де болашақта иық тіресе жүріп, басқа мемлекеттерге өз өнімдерімізді өткізуге дайын болуы керек. Бәскеге қабілетті болу дегеніміз - бизнестің қарапайым қағидасы, ережесі. Ол үшін әрине, әуелі халыққа кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беріп, шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауымыз керек.

Бүгінгі таңда дүниежүзінде ІТ технологиясы дамыған, ауыл шаруашылығы шалқыған елдер ғана қара үзіп, алға шығып жатқанын білеміз. Егер мемлекет өз халқын жақсы өніммен қамтамасыз етіп, тағамдарын таза, сапалы жасағысы келсе, алдымен өз елінің ауыл шаруашылығын дамытудан бастауы керек. Президент Жолдауда осы жағын қадап айтып, нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытып, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударды.

Менің байқағаным, Елбасы Н. Назарбаев айқын жоспар құрумен қатар, нақты ұсыныстары мен олардың орындалу тетіктерін көрсетіп берді.

Елбасымыздың Жолдауы қай жағынан алып қарасақ та, елдің ілгерлеп дамуына игі әсерін тигізетін, жастары білімді заманауи технологиялармен қаруландыратын, ұстаздар қауымына зор қолдау білдіретін маңызды оқиғаның бірі болды десем, артық айтқандық болмас. Мемлекеттің халқы жақсы өмір сүруі үшін өз бюджетін үнемдей білуге дағдылану керек.

Қорыта келгенде, Елбасының биылғы Жолдауы экономикалық өсімді арттыра отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кезекті стратегиялық қадам деуге толық негіз бар.

 

Д. ЖҮНІСОВ, аудан әкімінің бірінші орынбасары.