Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқалы бері елімізде түрлі Заң жобалары қаралып, уақыт талабына байланысты түрлі агенттік ашылды. Соның бірі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін айтуға болады. Қазір Мемлекеттік қызмет істеріне жауапты министрлік тарап, оның орнына агенттік құрылды. Бұл құрылымның бұрынғы құрылымдардан өзгешелігі неде деген заңды сұрақ туады.
Елбасының 2016 жылғы 13 қыркүйектегі Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынышты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды. Атқаратын міндеті мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылайтын уәкілетті орган болып табылады. Агенттік жұмысының басым бағытының бірі - сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, нақтырақ айтқанда, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Демек, алдағы уақытта да мемлекеттік билікке деген халықтың сенімі мен мемлекеттік қызметтің беделін арттыру бойынша, кәсіби білікті мемлекеттік аппарат құру бағытында жұмыстар жалғасын табатын болады.
Осы бағытта ел арасында кеңінен түсініктеме беру үшін ауданымызға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы С.Нұрғисаев келген еді.
Ол ауданымыздың білім саласы және мемлекеттік мекемелердің мамандарымен кездесті. Жиынның негізгі тақырыбы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен мемлекеттік қызметкерлердің халыққа адал қызмет атқару» болып табылады. Жиын барысында сөз сөйлеген департамент басшысы С. Нұрғисаев агенттіктің жұмыстарын слайд арқылы жиылған жұртқа түсіндіріп берді. «Азаматтық бақылау» жобасы аясында «Innovation-Koldau» қоғамдық қорының жанында Алматы облысы тұрғындарының арыз-шағымдарын қарастыратын қоғамдық қабылдау жұмысын түсіндірді. Мұнда мемлекеттік қызмет сапасына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңының және Әдеп кодексі талаптарының орындалуына мониторинг жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындалады. Қоғамдық қабылдау қызметі 2016 жылдың 31 тамызынан бастап, сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін күнделікті негізде (сенбі, жексенбі және мерекелік күндерден басқа) Талдықорған қаласында І.Жансүгіров көшесіндегі «Құс жолы» кешенінің 2-қабатында іске асырылуда. Әр айда бір рет өзінің қоғамдық қабылдау өткізетінін жеткізді.
Түстен кейін ол атбасын Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясына бұрды. Онда өскелең ұрпақты еліне адал қызмет атқаруға үгіттеу мақсатында «Адал ұрпақ» еріктілер клубының ашық сабағына қатысты. Сабақ барысында түрлі сұрақтарға нақты жауап беріп, өз ойымен бөлісті.
Ашық сабақтың екінші жартысында акт залда жиын өткізді. Жиында білім саласы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуін және «Адал ұрпақ» еріктілер клубын ашуды талап етті.
