Мемлекеттік қызмет - азаматтардың мемлекеттік органдар мен оның аппараттарындағы кәсіптік қызметі. Мемлекеттік қызмет әрқашан да мемлекет қаражат қорынан қаржыландырылады, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы мен жолсапар шығындары бюджеттен өтеледі және қажет болған жағдайда арнайы баспанаға, ғимаратқа орналастырылып, өздеріне жүктелген өкілеттілікті атқаруға қажетті арнаулы керек-жарақпен жабдықталады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкердің айрықша мәртебесі болады. Соның айқын дәлелі Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының кәсіби және өзге де мерекелері туралы» Жарлығына өзгертулер енгізіп, 23 маусымды Мемлекеттік қызметкерлер күні етіп жариялады. Мемлекетік қызметші атану, адамның жан-жақты білімді, жауапкершілігі мол және білікті әрі кәсіби маман болуын талап етеді. Осындай айтулы мереке мемлекеттік қызметшінің беделін нығайтуға және патриотизмін арттыруға ықпал етері сөзсіз. Біздің көптеген мемлекеттік қызметкерлерлер ел игілігі үшін қалтықсыз қызмет атқарып нәпақасын тауып отыр.
Мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Ол билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. Кез-келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы, жай мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл - өзін-өзі жетілдірудің тұрақты жағдайы. Мемлекеттік қызметші ісіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы, әдептіліктің белгісі. Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесі мен кәсіби сапасына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі жоғары талап қояды. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға айрықша назар аударылып, көңіл бөлінуде. Бұл жағдайда мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы саяси жүйенің, экономиканың, қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуымен, мемлекеттік басқару жүйесінің оңтайландырылуымен тығыз байланысты.
Мемлекетіміздің әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге артылады. Барлық мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз табысты да, жемісті болсын!
|