Адамзат үшін ең қымбат, басты байлық – денсаулық. Денсаулық сақшысы дәрігер жан-жақты терең білімді, төзімділікті талап ететін еңбек. Маусым айының үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген. Осы орайда Чапай ауылдық Мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтті.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов қатысып, «Сіздер осы құрметке де, сый-сияпатқа да лайықтысыздар. Себебі, адамның денсаулығы бұл өте үлкен өлшеусіз байлық. Соған араша түсетін, соған жәрдем беретін, тіпті адам баласына екінші өмір сыйлайтын осы отырған құрметті дәрігерлер Сіздер» - деп медицина қызметкерлеріне өз алғысын білдірді. Одан кейін сөзді облысымыздың үздік дәрігері атағын жеңіп алған аудандық хирургия бөлімінің меңгерушісі А.Елікбаевқа сөз берілді. Ол: - «Менің бұл жеңісім ұжымның ауызбіршілігінің нәтижесі деп білемін. Ауруханамыздағы науқастардың тез сауығып, отбасыларына аман-есен қайта қауышуы үшін қолдан келген барлық істі адал атқаруға тағы да уәде беремін», - деп ағынан жарылды. А.Елікбаев облыс әкімі А.Баталовтың қолынан «Лада Гранта» автокөлігін алып келген жас маман. Бұдан кейін «Ару» медицина орталығының директоры Ә. Сәдуақасов сөз сөйлеп, әріптестерін мерекемен құттықтады.
Мереке барысында денсаулық сақтау саласына үлкен үлесін қосып жүрген бірқатар дәрігерлер мен мекеме ұжымдары марапат пен мадаққа ие болды. Салтанатты шарадан кейін аудан көркемөнерпаздары ұйымдастырған концерт қойылды.

|