БАСТЫ > 

 
 
СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ БІРЕГЕЙ ТУЫНДЫСЫ 26.02.2018

                      

Астананың көрнекті орындарының бірі – бейбітшілік пен келісім сарайы. Архитектуралық құрылыс кешені, сәулет өнерінің бірегей туындысы. Ол Астана қаласының қолдан жасалған жота үстінде орналасқан.

Пирамида іспетті етіп тұрғызылған сарай 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. Оның табан қабырғасының ұзындығы 62 м, ауданы 25,5 мың м². Ғимарат ағылшын архитекторы Н.Фостердің жобасымен салынған. Болат пен тастан тұрғызылған сарай өзара рухани түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды. Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді етіп салынған.

Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халықтары ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, университет, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Сарай ғимаратының құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынған, оның кіре берісі жер астында орналасқан.

Бейбітшілік пен келісім сарайы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінің өткізілетін орны ретінде әлемге әйгілі архитектор Норман Фостердың жобасымен «Сембол Иншаат» Турциялық құрылыс компаниясы салды. Осы кешеннің ең басты ерекшелігі ғимарат Фибоначчидің алтын қима принципіне сәйкес салынған. Сонымен қатар, ғимараттың негізі биіктігі мен ені 62 метр болатын шаршымен қаланған. Бұл жерде көрме залдары, конференц-зал, қысқы бақ, 1500 көрерменге арналған концерт және опера залы орналасқан. Интерьерлері күрең-алтын тонда жасалып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілгендіктен сапалы жұмыстар жүргізуге мүмкіндіктер көп. Сахна жанында 80 музыкантқа шақталған 2,8 метрлік оркестрлік орын орналасқан. Мерекелік зал 2000 шаршы метрден астам аумақты қамтиды және бір уақытта 1000 адамға дейін қабылдай алады. Ауданы бойынша ең үлкен зал – 2000 кв.м ауданды алып жатқан «Хеопс атриум» залы. Осы залда Елордамыз Астана қаласын 2030 жылға дейінгі дамытуға арналған басты жоспардың құрамы орналасқан. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанның Мемлекеттік туы түстеріндегі витраждармен безендірілген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі залының үлгісіне салынған пирамиданың ең жоғарғы жағында орналасқан дөңгелек залда өтеді. Оны «әлемнің қолын бейнелейтін» төрт тірек ұстап тұрады. Бір қабат төменінде үлкен кітапханамен қамтамасыз етілген әлемдік діндердің зерттеу орталығы орналасқан. Пирамиданың ортасына қарай иілген қабырғаларда Астананың аспа бақтары орнатылған. Бұл ғимарат әртүрлі діндердің, ұлт өкілдерінің бірлесетін жері екеніне тағы бір дәлел бола алатын факт пирамиданы Қазақстандағы халықты, сонын ішінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан әртүрлі ұлт өкілдерін бейнелейтін 130 ұшып бара жатқан көгершіндердің тобы бейнеленген үлкен шыны күмбез қоршап тұр. Түнгі уақытта күмбез жанып, маяк секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді.