Елбасымыз 2020 жылға қарай барлық мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен қамтылуы тиіс деген болатын. Соған сәйкес кәсіпкерлеріміз де жекеменшік балабақша ашып, өз үлестерін қосып келеді.
Игілікті істі ауданда бірінші болып жеке меншік балакбақша ашқандар қазір істерін дөңгелетіп отыр. Енді солардың қатарына Ащыбұлақ ауылдық округіндегі Руслан Исмайлов салған 130 орындықты жекеменшік «Мир малышей» балабақшасы да қосылды.
Ол өз қаражатымен балабақша ғимаратын салып, жуырда пайдалануға берді. Балғындар үйі екі топқа арналған. М. Түймебаев ауылында, Тәуелсіздік көшесіндегі 142 үйде орналасқан орталықта 2-4 жас аралығындағы 30 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндерге күніне бес мезгіл тамақ беріледі. Арнайы ойын алаңдары бар. Ғимарат жылу, су, кәріз жүйесіне қосылып, таза ауызсу беретін қондырғылар орнатылған. Балабақша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бүгінде кәсіпкер он адамды жұмыспен қамтып отыр.
Өткен аптаның сәрсенбісінде «Мир малышей» аталатын осы жеке балабақшаның ашылуы салтанатты жағдайда ұйымдастырылып, шараға аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ерекешев қатысты. Сөз алған аудан әкімінің орынбасары:
- Халқымыз қай заманда да бала тәрбиесіне барынша мән берген. «Балалы үй базар», «Баланы бастан», «Ағаш бұтағымен, адам ұрпағымен» деген сияқты мағынасы тереңде жатқан нақыл сөздер баба-ларымыздың ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты деңгейде көңіл бөлгендігін аңғартса керек. Бала тәрбиесі бүгінгі күні де, ертең де, ешқашан күн тәртібінен түспейді. Ол ата-ананың ғана емес бүкіл қоғамның міндеті болып қала бермек. Өздеріңізге белгілі Елбасы Н.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында арнаған еліміздің жарқын жолда дамуының маңызды басымдықтарының бірі – балаларды мектеп жасына дейін тәрбиелеу мен оқыту деп атап көрсете отырып, 2020 жылға қарай қалалық, ауылдық жерлердегі барлық балаларға мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оларды оқытумен толық қамту міндетін қойды. Енді осы міндетті бірлесіп атқаруға шақырамын, - деді.
Балабақшаның ашылу барысында сөз алған аудандық мәслихат депутаты С. Чатуев сөз алып, округ әкімі С.Күзембаевқа және кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімдігіне алғысын айтты.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Серікжан Қазиұлы бастаған бір топ азамат балғындар үйін аралап, бүлдіршіндердің жатын орындары мен тамақтанатын орындарын көзбен көріп оң бағаларын берді.
|