Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Жетіген ауылындағы көркемөнерпаздар ұжымының ұйымдастыруымен «Жетіген жұлдыздары» атты есептік концерті берілді. Концертті аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырды.
Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміздегі іргелі істерімен айшықталып, үлкен жетістіктің арқасында «Мәңгілік елге» қол жеткіздік. Концерттік бағдарламада тақырыптық әндер шырқалып, көңілді көріністер көрсетілді.
Концерттің шымылдығы Жетіген оркестрінің орындауындағы Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен ашылды.
Жетіген ауылы аудан көлеміндегі ірі округтердің бірі болып саналады. Десе де округте Мәдениет үйі жоқ болғандықтан барлық концерттік іс-шаралар №11 орта мектептің аядай сахнасында өтеді. Осыған қарамастан концерт барысында өнер атаулының сан-саласынан жетігендіктердің құралақан емес екеніндігі байқалды.
Сахна төрінде композитор әрі әнші Ж. Жайдар «Қазақстан» атты шығармашылығын орындаса, оның ізбасар жас таланттар Әсет пен Елдос, Е.Абзал, М. Нұрғалилар Жетіген ауылында күміс көмей әншілердің жаңа буыны өсіп келе жатқанын байқатты. «Қазақ» биін мың бұрала билеген «Шамшаһар» тобы мен «Абра» тобының орындауындағы «Маски» биі заманауи би тәсілінде еркін қалықтағанын тамашаладық.
Осы сахнаның ардагері атанып кеткен Н. Ожхановтың орындауындағы Д. Рақышевтің «Саясында алманың» өлеңі көптің көңілінен шықты. Осы орайда айта кетейік жоғарыда аты аталған жас буын әншілердің барлығы дерлік бірі Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде оқыса, екіншілері Алматы шаһарында-ғы Чайков-ский атындағы өнер және Түрген қаласындағы музыкалық колледждерінде білім алуда. Олардың қатарында жас маман Жетіген ауылдық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі О.Қожаны да ауыз толтырып айтуға болады. Қазір жастығына қарамай аудан көлеміндегі қоғамдық істерге белсене атсалысып жүр. «Жас келсе іске» - деп осыны айтатын шығар қазағым. Кешті қыздырғандардың бірі бәрімізге танымал А. Мельник жетекшілік ететін «Эллегия» тобы. Олар есептік кешке тарту ретінде С. Жарқынбековтың сөзіне жазылған В. Питерцевтің әні «Тәуелсіз Қазақстан» әнін шарықтата шырқады.
Кешті ұйымдастырушылар «Біздің мақсатымыз - жастарды патриоттық рухқа тәрбиелеу, еліне деген, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Азаттықтың ақ таңы қандай қиындықтармен келді?! Бұл мәдени шарада тек мерекелік ән-күй емес, патриоттық сезімді оятатын әндер орындалды. Жас ұрпақ соны біліп, санасына тоқып өсуі керек», - деді.
Кеш соңында көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған көркемөнерпаздар мүшелері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.