БАСТЫ > 

 
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ
ОРТАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ҮНДЕУІ
25.09.2017

      

          Осыдан 27 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Содан бері елімізде жылдан жылға «Қарттар күні» дәстүрлі аталып өтуде. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету- ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Халқымызда "Қариясы бар елдің қазынасы бар", «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» - деген киелі сөз бар. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап алдынан кесе көлденең өтпеген. Аға буынның мол тәжрибесі, сарқылмас даналығы және орасан күш қуаты әрбір жанұяға ғана емес бүкіл қоғамға пайдалы маңызды фактор болып табылады. Олар қоғамның дамуына белсене араласып, Қазақстанның іргетасын қалауға әрдайым өз үлестерін қосып келеді. Әлбетте, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері, болашаққа тыныш та, еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерен еңбегімен, қажырлы жігерінің арқасы екені анық. 

Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейрімділік пен көмекке зәру. Көп ұлтты Қазақстан ардагерлері, Елбасының саясатын әрдайым қолдайды. Қазақстанда ел ардагерлерінің басын біріктіретін республикалық Ардагерлер ұйымы бар. Бұл ұйымның құрылғанына биыл 30 жыл толды.

Бүгінде отыз жылдық тарихы бар ұйым құрамында 1,8 млн. астам ардагерлер бар. Президентіміз Н.Назарбаевтың саясатына сай елімізде қарттарға  лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіліп келеді. Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін көбейтуге байланысты қабылдаған шаралары Қазақстанды ТМД елдерінің арасындағы жоғарғы зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар да бар.

«Баталы ер - арымас» деген, жастар үлкеннің батасын алуға ұмтылған. Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Қазақстан Республикасы Ардагерлер Ұйымы» Қоғамдық Бірлестігінің Орталық кеңесі еліміздегі барлық кәсіпкерлерге, еңбек ұжымдары басшыларына ардагерлерге көмек көрсетіп, олар үшін осы атаулы күнді ерекше айлық мерекеге айналдыруға Үндеу жолдаймыз.

Кім де кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе атасы мен әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол - үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ - ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөз бар. Жастарымыз ата-анасының қадірін кеш болмай түсінсе екен. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. «Көп түкірсе көл болар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», - деген халқымызда жақсы мақал бар. Ендеше бір жұдырықтай жұмыла қимылдап елдігімізді көрсетейік. Еліміздің барлық өңірлеріндегі ардагерлер ұйымымен байланыс жасап, көмекке зәру егде адамдардың тізімін алып мүмкіндікке қарай қаржылай, материалдық жағынан көмек көрсетіп өз үлесіңізді қосуға шақырамыз.

Келешекке бей-жай қарамайтын, елін-жерін, Отанын сүйетін патриот азаматтардың белсенділігі арқасында еліміздің болашағы жарқын болары анық. Ардагерлердің үндеуі түсіністікпен қабылданады деген  сенімдеміз.