БАСТЫ > 

 
 
ҰЙЫМДАРЫМЫЗ ҰЙЫТҚЫ БОЛСЫН 25.08.2017

 

Елімізде белсенді үкіметтік емес ұйымдар желісі дамыған 5 өңірдің бірі ретінде ерекше атауға болатыны Алматы облысы десек қателеспеспіз. Оның ішінде Іле ауданында 71 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың ішінде 10 үкіметтік емес ұйым ауданның қоғамдық-саяси іс-шарасына белсенді атсалысуда.

2015 жылы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңнамаларға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Үкіметтік емес ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін 2016 жылы мәліметтер базасы құрыла бастады. Сол себепті республикалық базаға тіркелу жұмыстары жалғасын табуда.

Енді еліміздегі әрбір коммерциялық емес ұйымға қойылатын талап – олардың қызметі осы бірыңғай мәліметтер базасына енгізілуі керек. Толығырақ айтсақ біріншіден, 2015 жылдың 2 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҮЕҰ қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң арқылы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» және «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңға, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізілген болатын.

Атап айтсақ, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 41- бабына 5 пункт енгізілді, яғни, бұл пунктке сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға дейін ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға өз қызметі туралы, соның ішінде, өздерінің құрылтайшылары, мүлігі, қаржысының қалыптасу көзі мен шығын көзі туралы толық ақпарат ұсынып отыруы керек. Осылайша, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган толық ақпаратты ары қарай ҮЕҰ-дың мәліметтер базасына тапсырады.

Жоғарыдағы өзгерістерге сәйкес, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң енді «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен премиялар туралы» заң деп аталады.

Айта кететін жәйт, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі үкіметтік емес ұйымдар өзінің қызметі туралы ақпаратты уәкілетті органға пошта арқылы немесе қосымша хат арқылы жібере алады. 2017 жылдың 31 наурыздан 31 қазанға дейін барлық үкіметтік емес ұйымдар 2016 жылғы қызметі туралы мәліметтерді жіберуі керек.

Мәліметтер базасы 2017 жылдан бастап іске қосылған. Яғни, үкіметтік емес ұйымдар 2017 жылдан бастап өздерінің қызметі туралы өзгерісті порталдағы жеке кабинеті арқылы қосып отыра алады. Порталдағы жеке кабинетке кіру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды қолтаңба алу жеткілікті. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтер базасы әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ-мен ынтымақтастықты бір ізге салу үшін өте керекті ұйым болмақ. Ең бастысы, бұл жаңалық жұмыс істемейтін коммерциялық емес ұйымдарды жоюға мүмкіндік береді.

Ұйымыңыз туралы мәліметті www.infonpo.kz электронды мекен-жайға жіберуіңізге болады.