Басты
 

 
 
 
АЩЫБҰЛАҚТЫҢ ТҰЩЫ БАСТАУЫ ҚАЙТА ЖӨНДЕЛДІ 26.08.2016

 

       Ащыбұлақ әу баста тұщы суға жарымайтын ауылдың бірі болған деседі. Тек ауылдың маңайынан қайнар бұлақтан алып ішетін. Кейіннен колхоз құрылғанда бір жүйеге ене бастады. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ете бастады. Бірақ ащыбұлақтықтардың әдеті ауыл маңындағы өздігінен бүлкілдеп шығып жатқан бұлақтың суын ішетін. Сондай бұлақтың бірі қазіргі Жәпек батыр ауылы мен Комсомол ауылының ортасында орналасқан. Ол жер де кезінде малшыларда дем алып бой жазатын. Одан қалса ары-бері қатынайтын көлік жүргізушілері де тоқтап, салқын судан дәм татпай кетпейтін.
«Елу жылда ел жаңа, қырық жылда қазан» - деп қазағым айтпақшы, жаңа тәуелсіздік алғаннан кейін Ащыбұлақ округіне қатысты Көкқайнар, Жәпек батыр, М.Түймебаев, Төле би ауылдарының барлығын «Ащыбұлақ су» мемлекеттік мекемесі ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етті. Ал бұрыңғы құдықтар елеусіз қалды. Иесіз қалған құдықты ары-бері өткен адамдардың күл-қоқыс тастайтын орнына айналды. Мөлдір бұлақтың суын ішуге келген адамдар кетерінде барлық қолданылған заттарын қалай болса солай тастап кете берген. Әп-әдемі бұлақтың көзі осы олқылықтан жабылып қалды.
«Су ішкен құдығыңды ластама» - дейді дана қазақ. Кешегі күнін ұмытқан жаңа ұрпаққа тарихтың тамырынан нәр алу қайда. Нәр алса кешегі ащы судан арашалап қалған құдықтың сиқын осындай дәрежеге жеткізе ме?
Бірақ бір жамандықпен қатар жақсылық та қатар жүреді ғой. Ащыбұлақ ауылының Қоғамдық кеңес мүшелерінің ауызбіршілігі мен еңбекқорлығы, қоғам алдында атқаратын адал абыройлы істе оқ бойы алда тұратынын бәрімізге мәлім. Міне сол Жәпек батыр ауылына қарасты Қоғамдық кеңес төрағасы Р. Бақтыбаев пен Т.Маханов бастаған азаматтар және облыстық мәслихат депутаты Т.Ботабеков, аудандық мәслихат депутаты Ә. Исаев, ауыл тұрғындары Қ. Тлеукеев, Ж.Қабдығалиұлы, Қ. Қойбағаров сынды мәрт азаматтар бірі 50 сплитер кірпішін берсе, екіншілері ұңғымаға арналған тас шеңберлерін беріп, бұлақтың басын тазартып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір бұлақтың басы округтегі Қоғамдық кеңес мүшелері мен ауылдың белсенді азаматтарының ауызбіршілігінің нәтижесінде жан-жағы абаттандырылып, әспеттеліп, кәдімгідей демалыс алаңына айналуда. «Бұлақ көрсең - көзін аш» - дегендей бұлақтың жаңа кейіпке енуін ащыбұлақтықтар жақсылыққа балап отыр.
Су туралы сөз болғанда округтегі «Ащыбұлақ су» мемлекеттік мекемесін де тілге тиек еткен жөн. Ол Жәпек батыр ауылындағы «Жамбыл» су ұңғымасы мен М. Түймебаев ауылындағы «Балабақша» аталып кеткен су ұңғымасына қосымша су сорғыш құрылғысын орнатты. Бұл құрылғыны аталмыш мекеменің өз қаражатына сатып алып, іске қосты. Ауылына жаны ашитын мекеменің қол астында ұңғыманың 70 пайызы 50 жылдары салынған. Тозығы жетіп тұрса да аталмыш мекеме ащыбұлақтықтарды ауыз сумен қамтамасыз етуде қалт етпей, халыққа аянбай қызмет көрсетіп тұр. Нәтижесінде Ащыбұлақ ауылдық округі ешқандай кілтипансыз жаздай бау-бақша суарып, қыстай тұщы суға қарық болып отыр.
Әрқашан халықтың жанынан табылып, қысылғанда қолұшын беруде ешкімнен қалыс қалмайтынын мақтана жеткізе отырып, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімшілігі «Ащыбұлақ су» мемлекеттік мекемесіне ауылдастары атынан шын жүректен алғысын білдіреді.