БАСТЫ > 

 
 
КӨКПАРДЫҢ ҚАШАНДА ОРНЫ БӨЛЕК 24.11.2017

                    

Ұлттық ат спорты әсіресе көкпар тарту Іле тұрғындары арасында кеңінен қанат жаюда. Жақында Ащыбұлақ ауылдық округінде округ әкімдігі мен жергілікті қауымдастық кеңесінің төраға-лары Рүстем Бақтыбаев пен Тайыр Маханов ағаларымыздың ұйымдастыруымен көкпар тартыс ұлттық ойыны өтті. Оған жақын маңдағы КазЦИК, Междуреченск, Қараой, Байсерке ауылдарының білекті жігіттері келіп өзара күш сынасты. Бір ерекшелігі, бұл көкпарда алдымен ұлттық ойынымыз қыз қуумен және тай мінген жас балаларға арнайы лақ сойылып, лақ тартыс өткізілді.
Ұйымдастурышылардың айтуынша, рухани жаңғыруды өскелең ұрпаққа ұлттық дәстүрді үйретуден басталады. Көкпар десе делебесі қозатын жас жігіттер тартысты додаға білек сыбана кірісті. Жас шабандоздар шығып, лақ тартудың көрігін қыздырды.
Ересектер жағы да жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені көзге ұрып тұрды. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Исаев бастаған, батагөй Бейсенбек Жұмабек ақсақал қостаған бір топ ауыл үлкендерінің берген ақ батасынан кейін көк теке бауыздалып, көкпар тарту басталды.
Ұлттық ат спортының жанашырлары алдағы уақытта көкпар ойынын аудандық деңгейге шығарып, округтер арасындағы сайыстың ауқымын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Болашақта көкпарды ашық арнайы алаңқайда өткізіп, оған көршілес ауылдың көкпаршыларын тартып, доданы дәстүрге айналдыру да жоспарда бар көрінеді.
«Ұлттық ойынымыз көкпар-дың қазақ халқы үшін қашанда орны бөлек. Ауылдың қара домалақ балалары өздерінің тақымын босатпауы керек. Сол себепті, ауыл балалары арасындағы көкпарды одан әрі дамытып, болашақта аудандық және облыстық деңгейге шығарамыз деген ойдамыз. Ол үшін бар күш-жігерімізді сарқа пайдалануға дайынбыз. Көкпар – қазақтың жаны», – дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің жергілкті қауымдастық төрағасы Р. Бақтыбаев.
Білекті жігіттер бақ сынаған бәсекеде байсеркелік көкпар-шылар өз дегеніне жетіп, ауылына көксеркені тақымдап алып кетті.