БАСТЫ > 

 
 
 
ҚАТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ – ҚАЖЕТТІЛІК 24.10.2016

       

Жаһандану процесі әлемге кең құлаш жая түскен сайын елді елеңдететін жәйттердің де арта түсіп отырғаны жасырын сыр емес. Солардың ең бастыларының бірі терроризм мен экстремизм болуда. Қай халықтың болса да елдігіне қауіп төндіріп, бейбіт күн, берекелі тірлігін бүлдіретін бұл қатердің алдын алмаса болмайтыны белгілі. Әлемнің кейбір елдеріндегі жағдай осыны көрсетуде. Сондықтан Елбасының өзі бас болып, мұндай қатердің алдын алуға, береке-бірлігімізді нығайта түсуге айрықша көңіл бөлінуде.
Өткен жұма күні Өтеген батыр кентіндегі №28 орта мектепте осы мақсатты көздеген жиын болып өтті. Онда «Діни қызмет және діни бірлестіктер» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы №483-VI Заңының насихаттау, діни экстремизм және терроризмнің алдын алу іс-қимылы жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Мемлекеттік дін саласындағы саясатын жүзеге асыру барысындағы жоспарланған жұмыстың нәтижесі талқыланды. Оған Алматы облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» дінтанушы маманы Е.Матаев, Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Р.Қанапиянов, аудан имамдары, жастар ресурстық орталығының кеңесшілері, колледж студенттері қатысты. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков жүргізіп отырды.
Алматы облыстық «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының» дінтанушы маманы Е.Матаев жиынды ашып, терроризм мен экстремизм тудыратын қауіп-қатерлер жайлы кеңінен баяндап берді. Ол өз сөзінде экстремизмнің түрлері, лаңкестік, дүние жүзіндегі экстремистік ұйымдар, олардың мүдделері мен әрекеттері, оның ел бірлігіне тигізіп отырған қатері жайлы жан-жақты баяндады. Ауданымызда 24 мешіт тіркеуден өтіп, қасиетті дінімізді қастерлеу жолында қызмет етуде. Дін бірліктің ұйытқысы дегенмен жат пиғылдағы ағымдарға ерушілердің кездесіп қалатыны бар. Шеттен келген, ойламы бөлек кісілерді бақылау, олардан жалпы халықты қорғаштау басты міндет. Ауылға басшылық жасауға әкім керегі сияқты мешіттерге де иелік етіп, игі іске ұйытқы болатын имам қажет. Осы мәселелерге көңіл бөліп өтті. Ауданымыздың бас имамы М.Абсаматов осы мәселеге орай атқарылып жатқан істерге тоқталып, жат ағымдағы кісілердің келетінін, оларды бақылауға алып, алдын алмаса қауіп төндіруі мүмкін екендігін айтты. Шарият ілімін күшейту үшін тұрғындардың аудан көлемінде орналасқан мешіттердің жанынан құрылған арнайы оқу бөлімдері арқылы аздап болса да оқып білулеріне болатынын айтты.
Осы кеште аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков те сөз сөйлеп, терроризм мен экстремизмнің қатері, оның алдын алуға халық болып атсалысудың маңыздылығы жайлы әңгімеледі. Дінді желеу етіп, елдің бірлігіне, бейбіт тірлігіне сызат түсірушілермен күрес жайына тоқталды. Оның айтуы бойынша 2016 жылы аудандық ақпараттық-насихаттау тобының іс-шаралар жоспары негізінде 5 семинар-конференция, студент және оқушы жастармен жұмыс негізінде 4 кездесулер, дөңгелек үстелдер, құқық қорғау органы, әскери бөлім, мемлекеттік қызметкерлерімен жұмыс негізінде 3 семинар өткізілген.
Аталмыш шара ашық пікір алысу жағдайында өтті. Жиналғандар өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды. Жиын қатысушылары терроризм мен экстремизм сияқты қауіпті кеселдің алдын алмаса қатер төндіретіні, сол үшін әрекет ету қажеттігі жайлы ой түйіндеді.