Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы Елбасы Н.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесін ұйымдастыруымен «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізу туралы бастама көтерген болатын.
Осы игі бастаманы қолдау мақсатында бекіткен кестеге сәйкес Боралдай кентінің Аналар кеңесі «Халықтар достығы – іргетасы бірліктің» атты этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстелге Боралдай кентіндегі мекеме басшылары, славян және корей этномәдени орталықтарының өкілдері, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері және кенттің ақ жаулықты аналары қатысты.
Дөңгелек үстелді Боралдай кенті әкімінің орынбасары А.Таңатар жүргізді. Бұл шара округтегі он баланың анасы, ақ жаулықты ардагер әже, ақ желеңді абзал жан - Ш.Тұқажайқызының ақ батасымен ашылды. Одан кейін Аналар кеңесінің төрайымы М.Қаламбаева, Славян этномәдени орталығының төрайымы Л.Гасанова, кент кітапханасының меңгерушісі Г.Шынкеевалар баяндама жасады.
Осы тұста корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Хон Юлия акцияның жаппай қолдап жатқанына разылығын білдірді. Ол өз сөзінде: -«Әр мемлекеттің төбесінде бейбіт күннің шығуын шын жүректен тілеймін. Қазақтың кең жазиралы даласында ешқандайда бұзақылыққа орын жоқ. Біз корей этнобірлестігі осынау мамыражай күнді ұлықтап өтеміз» - деді. Ал, татар ұлты атынан сөйлеген кітапханашы - Сания Галиева Боралдай кенттік округінде татар этнобірлестігі ашылса деген орамды ой тастап, пікірі дөңгелек үстел басындағы жиылған қауым тарапынан бірден құпталды. Аналар кеңесінің төрайымы М.Қаламбаева өз баяндамасында «Ақ орамал» акциясының мақсаты мен мәні жайлы, ақ жаулықтың қасиеті мен киесі тұрғысында тереңінен сөз қозғап, салиқалы ой-пікірлерін айтты.
Екінші болып сөз алған Славян этномәдени орталығының төрайымы Л.Гасанова өз кезегінде достық пен бірліктің қазақ елінің ұлы қасиеттерінің бірі екенін, Елбасы саясатының бейбітшілікпен астасып жатқанын сөз етті. Славян халқы Елбасы саясатын қолдайтынын айта келіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі күн сайын артып келеді. Қазіргі уақытта 3-4 жастағы балалар екі тілді меңгеріп келе жатыр дей келе, болашақта үш тілді еркін меңгеру мүмкіндігі зор екендігін атап өтті. Боралдай кенті балалар кітапханасының меңгерушісі Г.Шынкеева «Халықтар достығы – іргетасы бірліктің» тақырыбында баяндама жасады. Кездесуге келген барлық әйелдер қауымына Аналар кеңесінің төрайымы М.Қаламбаева ақ орамал тарту етті. Ал кент тұрғыны, батыр ана Ш.Тұқажайқызы да өз атынан Аналар кеңесінің төрайымына сыйлық берді.
Осылайша бір-біріне ақ ниетпен ақ орамал жапқан аналар дөңгелек үстел басында ғибратты әңгіме айтып, парасатты ой тастады.
Боралдай кенті әкімінің орынбасары А.Таңатар сөз соңында келген қонақтарды алдағы уақытта да «Ақ орамал» акциясын қолдап, белсенділік көрсетуге шақырды.

|