БАСТЫ > 

 
 
«ТОЛҚЫННАН» ТОП ЖАРҒАНДАР БАР 24.05.2019

 

Апта ортасында Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейінде оқушылар арасында аудандық дәстүрлі «Толқын – 2019» шахмат жарысы өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттауды, ауданда шахмат спорт түрін дамытуды, жастардың спорттық шеберлігін шыңдауды мақсат тұтқан. Жарысқа алты ауылдан 11 округтен келген жас шахматшылар қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатын аудан әкімі Б.Қарасаев ашып спортшыларға сәттілік тілеп, алғашқы партияны «Гранит» ЖШС-нің дирек-торының орынбасары В.Дергуновпен алғашқы партияны ойнады. Қорытындысында достық жеңді.

Жарыстың негізгі бағыты үздік спортшыларды анықтап, шеберлігін арттыру, жастарды достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.

Бүгінгі таңда шахмат елімізде қарқынды дамуда. Сонымен қатар шахматтан Қазақстанды Дүниежүзіне танытып келе жатқан отандастарымыз да бар. Қазақстанымыздың атын әлемге танытып жүрген Жансая Әбдумәліктің шахмат мектебіне барып оқушыларымыз разряд сертификаттарына ие болған болатын. 

Оқушыларға сертификатты аудан әкімі Б. Қарасаевтың өзі табыстады. Ал, отбасы құндылығын арттыру, отбасы тәрбиесін нығайту арқылы бала мен ата-ананың бос уақытын ұтымды әрі бірге пайдалануды ұйымдастыру мақсатында «Толқын» шахмат клубы мүшелігіне ата-аналарды қабылдау куәлігін турнирдің бас демеушісі Т.Адамов табыстады.  

Сайыстың қорытындысы бойынша 1-4 сынып аралығында І-орын Чапаев, ІІ-орын Боралдай, ІІІ-КазЦИК ауылдық округі алды, 5-8 сынып аралығында І-орынды Чапаев, ІІ-орын Толқын-2, ІІІ-орын Толқын-1 иеленді, 9-11 сынып аралығында І-орынды Толқын-1, ІІ- орынды Боралдай, ІІІ-орынды Толқын-2 ие болды.

Жарыс соңында жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Шахмат ойыны шығармашылық ой-өрісті кеңейтеді, баланың интеллектін дамытып, есте сақтау қабілетін жақсартады. Сондықтан балаға шахмат ойнаудың маңызы орасан зор.

Айта кетейік, «Толқын – 2019» шахмат турнирі дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Бас демеуші, ауыл балаларының жанашыры «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы ЖШС-нің бас директоры, «Толқын» шахмат клубының демеушісі Талғат Несіпбайұлы Адамов мырза.