Биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтсақ, «Тәуелсіздігімізге - 25 жыл», «Ұлт-азаттық көтерілісіне - 100 жыл», «Желтоқсан оқиғасына - 30 жыл» толады. 16 желтоқсан - Қазақстан тарихында тәуелсіз Қазақстан Республикасының туған күні деп алтын әріппен жазылды. Сондықтан да 16 желтоқсан бүкілхалықтық мереке. Тәуелсіздік жолы оңай жол емес, бұл жолда сан мыңдаған адамның арманы мен тағдыры тәлкекке түсті. Біздің еліміз бүгінгі күнге осындай қиын-қыстау, даңқты жолдардан өтіп келіп отыр. Сондықтан да, тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. 1991 жыл еліміздің «Қазақстан», «Қазақстан Республикасы» деген атпен әлемге танылып, алғаш қадам басқан жылы. Біздің еліміз қазіргі таңда өзіндік беделі мен саясаты, мызғымас татулығы орныққан, жарқын болашағы мен кемел келешегі бар, өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік жағдайларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын танымал елге айналды. Тәуелсіздік деген ұлы жетістікке қол жеткізуде кешегі Желтоқсан оқиғасының қосқан сүбелі үлесі де аз емес. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының жастары бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алаңға шықты. Міне, осы желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағаларымыз бен апайларымыздың арқасында ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазір Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағын құлатқан алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Бұл күн - өр рухты, қайсар мінезді, жалынды жастарымыздың тәуелсіздікті аңсаған арманы алаулаған күн! Бұл күн - азаттық үшін күресіп, басты бәйгеге тіккен күн! Сондықтан да, бұл күн ешқашан да ұмытылмайды және қандай жағдайда да болсын, атаусыз қалмақ емес. Жарқын болашақтың бастауы болған Желтоқсан еліміз бен жеріміз, қабырғалы халқымыз, ұлтымыз бен ұлысымыз үшін маңызы зор тарихи белес. Осы бір жылдың суық ызғары барлық желтоқсанға қатысқан өр мінезді, рухы биік сол кездегі жастар әлі күнге дейін өздерінің көрген қиындықтарын ұмытқан жоқ.
1986 жылғы желтоқсан көтерілісі қазақтың басын біріктіріп, бір жұдырыққа жұмылдырған бақытты да, қайғылы күн еді. Желтоқсан жаңғырығы көзден де көңілден де кетер емес. Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан Қайрат Рысқұлов, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды жастардың ерен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі. Сонымен қатар осы Желтоқсан оқиғасында жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттердің барлығы кейін ресми ақталды.
Желтоқсан көтерілісі кездейсоқ оқиға емес, ол ұзақ уақыт бойы қоғам ішінде қордаланған наразылықтың, ащы да болса шындықтың, бетке шығуының нәтижесі. Кенесарыдан бері бірде лаулап, бірде шоқтай маздаған азаттық рухы, еркіндікке деген ұмтылыс екенін көрсетеді. Сондықтан 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі - Тәуелсіздікке жол ашқан ұлт тарихындағы шешуші меже болды дегенге толық қақымыз бар. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!