Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында әрі «25 жұлдызды күн» аясында Боралдай кентіндегі «Водник» ықшам ауданындағы К.Әзірбаев атындағы №15 орта мектепте оқушыларды спортқа, еңбекқорлыққа баулып, патриоттық тәрбие беру мақсатында, бүгінде әлемдік аренада Қазақстанның намысын қолдан бермей, көк туын желбіретіп жүрген белгілі спорт шеберлерінің қатысуымен өткен кездесу өткізілді.
Кездесуге ережесіз жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы, Азияның теңдессіз чемпионы, бокстан спорт шебері А.Назаров, әуесқой бокстан Әлем және Азия чемпионы, кәсіпқой бокстан 4 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жеткен, ҚР-ның спорт шебері, көптеген Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, аталмыш мектептің түлегі А. Ахмедов, кәсіпқой бокста 21 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, Қазақстанның намысын өзге елде абыроймен қорғап жүрген, Халықаралық кәсіби бокс ұйымының тұжырымы бойынша әлемдік рейтингте TOP-15-тің қатарына енген спорт шебері Ж. Тұраров келіп, жастармен салмақты әңгіме, салихалы сұхбат жүргізді.
Бүгінде спорттағы жетістігін айтпағанда, ел арасында өзінің шешендік қырмен де танылып жүрген А. Назаров өзінің қалай шыңдалғанын баяндай келе, өмірдің өріне шығу үшін шынайы болу керек деп жастарға ағалық ақылын айтты. Кездесуге келген балалар мен жастар, ақсақалдар мен ұстаздар спорт шеберінің әр әңгімесін ұйып тыңдады. Сондай-ақ, А.Ахмедов пен Ж.Тұраров секілді боксшы болғысы келетін жасөспірімдерге ағалары өз тарапынан спортта жетістікке қалай жету керек деген сұрақтан бастап жан-жақты айтып берді. Жастар өз кезегінде үш спортшыға да көкейлерінде жүрген маңызды әрі қызықты сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алды.
Сонымен қатар жиынға Боралдай кентінің әкімі М.Салимбаев, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Үдербаев, Қоғамдық кеңес төрағасы К.Найзабеков, «Арын қажы» мешітінің имамы Ғ.Шерниязов, Іле аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ж.Қабдікәрімов, Аналар кеңесінің және «Жас Отан» Жастар Қанатының мүшелері мен кент жастары, ұстаздар және тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында Боралдай кентінің әкімі Салимбаев Мұрат Орынбайұлы сөз сөйлеп, «Бүгінгі рухани кездесуіміз алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын. Өйткені осы жастар сіздерден үлгі алады, сіздерге қарап өседі. Осы кездесуге келіп жастарға ақыл-кеңес айтып, ой бөліскендеріңізге рахмет. Біз сіздермен мақтанамыз! «Орамал тон болмайды, жол болады», Сіздерге Боралдай кенті және жастары атынан сыйымыз бар. Қабыл алыңыздар!» деп спортшыларға шапан жапты. «Баталы ер арымас» демекші Боралдай кенті Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Үдербаев жастарға ақ батасын берді.
№15 орта мектеп оқушысы Қ.Искаков А.Назаровқа «Асығыңыз алшысынан түссін» деген ақ тілекпен ұстазы екеуі жасаған кәдесыйын тарту етті. Осы мектептің түлегі А.Ахмедовтың сынып жетекшісі Р.Калиева «Ұстаздан шәкірт озады» деген тәмсілді Али дәлелдеді. Біз Алиді үлкен өмір жолына ақ батамызды беріп шығарып салған едік. Үмітіміз ақталды», - деп лебізін білдірді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан» болсын дегендей спортшылардың әр жетістігіне қуанып, ақ тілегін аямайтын халықтың бірегейі ол қазақ елі. Елдің мақтанышы, жерлестердің құрметіне жас өнерпаздар әнмен шашу шашты. Боралдай кенті жастарының спорт саласында жеткен жетістіктерін айқындайтын шағын көрме ұйымдастырылды. Жастардың медальдары мен кубоктары, дипломдары мен грамоталарын көрген спорт майталмандары дән риза болып, барлық балаға сәттілік тіледі.
Спортшылар мен жастар, келген қонақтар екі сағат бойы тек спорт бағытында ғана емес адами құндылықтар, қандай азамат болу керек, әке мен ананы сыйлау, Отанды сүю, достықты қадірлеу, ұстазды құрметтеу тақырыбында сөз қозғап, пікір алмасты. Әр адамға ой салған әсерлі де әдемі кездесу болды.

|