«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсеткен халқымыз қартын ерекше сыйлай білген. Қарттардың тілегі ел-жұрттың амандығы, ел іргесінің тыныштығы. Қарияның ақ батасын алмай қазақ халқы іс бастамаған, дастарханға қол созбаған. Бұл дәстүр ата-бабамыздан келе жатқан салт.
Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз.
«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөзді жанына берік ұстаған Чапай ауылының әкімі Жұмабаев Бауыржан Ақжолұлы қарттар күнін ерекше атап өтті. Қазанның 4 күні №10 орта мектебінде қарияларға арнап дастархан жайылды. Қарттарымыз ән айтып, би билеп көңіл көтерді. Әсіресе, «Ұлағат» әжелер ансамблінің шырқата салған әндерімен кешіміз ерекшеленді. Ансамбльдің жезтаңдай әншілері Н.Ошыбаева, Ж.Токурова, Б.Садвакасоваларға айтар алғыстары шексіз. Зор ықыластарын білдіріп, баталарын берді.
Ардақты ардагерлер сіздердің атыңыздан ауыл әкіміне зор алғысымызды білдіре отырып, сіздердің жүздеріңізді мұң шалмасын, қатарларыңыз сиремесін дегім келеді.
Ж.ӨГІЗБАЕВА, Чапай ауылының ардагерлер ұйымының төрайымы.
|