22 маусымда Боралдай кентінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды Еске алу және аза тұту күніне арналған іс-шара өткізілді. «Водник» ықшам ауданындағы «Қара тюльпан» орталық алаңында «Еске алу шырағы» жалпы аудандық акциясы өтіп, еске алу және аза тұту күніне орай митинг өткізілді. Аталған іс-шараларға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, аудандық әкімшілік аппаратының қызметкерлері, округ әкімдері, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жергілікті қауымдастық мүшелері, мектеп оқушылары мен ұстаздары, мәдениет қызметкерлері мен медицина қызметкерлері, жалпы Боралдай кентінің тұрғындары қатысты.
Арнайы қонақ ретінде Ресейден СССР-дің халық әртісі В.С Лановой келді.
Митингте алғашқы сөзді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов ашты. Ол өз сөзінде: - Бүгінгі аза тұту күнін біз ешуақытта ұмытпаймыз. Ананы жесір, баланы жетім қылған сұрапыл соғыс санамызға терең із қалдырды, - деді.
Одан кейінгі сөзді алған СССР-дің халық әртісі В.С.Лановой, мен соғыс басталғанда 7 жасар бала едім. Ол кезде Одессада болғанбыз. Соғыстың дүмпуін өз құлағыммен естідім. Өте қорқынышты. Бойымыздағы үрей әлі де сақтаулы. Бұл фашизмнің дүрбелеңі ел есінде мәңгі сақталады. Жеңісті қолдан бермеген ардагерлерімізге мың тағызым, - деді. Митингке қатысушылар ескерткіш басына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алды. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, кәсіпкер меценат А. Скоропадский үлкен үлес қосты.
Естеріңізге салсақ, 22 маусым бұрынғы КСРО елдерінің күнтізбесіне ресми еске алу датасы ретінде - Еске алу және аза тұту күні болып енгізіліп отыр.


|