Аудан көлемінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру жұмыстары басталғалы жарты жылдай уақыт өтті. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар әуелі дәрігерлер мен медбикелерді оқытып, кейін бұл жүйе жұмыс берушілерге де жіті түсіндіріліп келеді.
Дәл осындай жиналыстың бірі Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж.Омардың міндетті әлеуметтік сақтандыру шараларымен халықты түсіндіру жұмыстарын жаппай жүргізу тапсырмасы бойынша Өтеген батыр кентіндегі 24 лицейінде өтті. Оған Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары М.Омарова, аудандық аурухана басшысы М.Егембердиева, «Водник» ықшам ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Д.Садықова, аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткеева қатысты.
Игі бастаманың игілігін жалпақ жұрт енжарлықпен қабылдап жатқаны жанға батады. Сонымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа не береді деген сұраққа бірден, жаңа жылдан бастап жұмыс берушілер өз еңбеккерлерінің сақтандыру қорына қаржы аудара бастайды, әр жұмысшы адам өзін емдеу үшін еңбек етеді деуге саяды. Бұл жалақының екі пайызы. Мәселен, 100 мың теңге жалақы алсаңыз, оның 2 мың теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Өз-өзін еңбекпен қамтып отырған кәсіпкерлер де осы көлемде ақша аударуы тиіс. Сіз бен біз секілді жалдамалы жұмыскерлер тек 2 жарым жылдан соң ғана еңбекақының 1 пайызын қорға аударады. Жаңа жүйе әсіресе дәрігерлік қызмет құнын шарықтатып қоятын жекеменшік клиникалардың тәбетін тыймақ.
Айталық, елдегі барлық емдеу мекемелерінің жыл бойына жұмсайтын қаржысының 37 пайызы халықтың қалтасынан, яғни емделушілердің есебінен жабылады екен. Бұл дабыл қағатын жағдай. Жаңа жүйе дәл осы мәселені шешуге ықпал етепек. Емделушілер өздері пайдаланған қызметке ғана ақша төлеуі тиіс. Егер сіздің табысыңыз аз болса, қорға салатын салым мөлшерінің де шағын болатыны сөзсіз. Бірақ бұған қамығудың қажеті жоқ. Дәрігерлік көмек көрсетіледі. Ең бастысы, қыруар қаржыңызды жекеменшік клиникаларға бермейсіз, жарна төлеп отырсаңыз болды.
Қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Батыр ана, соғыс ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыздар, бала күтіміндегі аналар, зейнеткерлер секілді 12 санаттағы азаматтар міндетті төлемнен босатылады. Тағы бір айта кететін жайт, қатерлі ісік, өкпе құрты секілді қауіпті дертке шалдыққандар тегін емделеді.
Бастапқы жарты жылда ақша жиналады да, содан кейін ғана жұмсалады. Оның үстіне эпидемия немесе төтенше жағдайға жеке қор бар. Ол сақтандыру қорындағы барлық активтердің 3 пайызын құрайды. Жиналыста баяндама жасаған аудандық мәслихат депутаты, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері М. Егембердиева «Міндетті сақтандыру арқылы дәрігерлік қызметтің сапасы артады әрі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, дәрігерлердің жалақысы көтеріледі. Жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтініне бас қатырып қажеті жоқ. Міндетті жарнаңызды уақытылы төлеп отырсаңыз болды. Қалғаны – емдеу мекемесі мен қордың шаруасы. Қаржы аударылған соң олар сапалы қызмет көрсетуге міндетті», - дейді.
Айта кету керек, көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасы төленетін жарнаға тәуелді емес. Медициналық көмек барлығына бірдей көрсетіледі. Бұл жүйенің игілігін көретін күн де алыс емес деп үміттенеміз.
|