БАСТЫ > 

 
 
АУҒАН – АДАМЗАТ БАЛАСЫНА АУЫР ТИДІ 23.02.2018

                      

Боралдай кентіндегі Ұлы Отан және ауған соғысында қаза болған жерлес жауынгерлерге арналған мемориялды ескерткіш маңында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 29 жыл толуына орай интернационалист-жауынгерлердің есімдерін ұлықтауға арналған салтанатты шара өтті.
Аталмыш митингке Боралдай ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Таңатарқызы, КазЦИК ауылдық округінің әкімі А.Жасымбеков және ауған соғысының ардагерлері қатысты. Ерлікті ұлықтауға арналған шараға жиналғандар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне бір минут үнсіздік жариялады. Содан соң Боралдай ауылдық округі әкімінің орынбасары Айнұр Таңатарқызы елімізден аттанған жауынгерлердің ерліктерін еске алып, олардың интернационалдық борыштарын абыроймен атқарғанын айтты.
– Ауған соғысының аяқталғанына 29 жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. Сондықтан қыршын кеткен боздақтардың ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің міндетіміз», – деді.
Шара барысында он жылға созылған отты жылдар туралы естеліктер айтылып, Ауғанстан жерінде қаза тапқан боздақтарға арнап ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Әскери парыз, жауынгерлік міндет деп, басын бәйгеге тіккендердің ерлігі – жас ұрпаққа үлкен мектеп болары сөзсіз. Біздің идея – Мәңгілік ел ұландарын тәрбиелеу. Ауған соғысының ардагерлері осы жолда – қолдаушы, қуаттаушы.