Ұлы дала елі – қазақ мемлекетінің ең қастерлі мерекесі қарсаңында әр өңірдің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен ел дамуына қосқан үлестері жайлы айту азаматтық борышымыз болса керек.
Азаттықтың таңы атып, қазақ мемлекеті жаңа белестерге бет алған шақта Алматы облысы, Іле ауданына қарасты, Боралдай кентінде алғашқы қазақ мектебі ашылып, жаңа өндіріс орындары іске қосылып, шағын және орта кәсіпкерлік дами бастады.
Бүгінде, қасиетті Тәуелсіздіктің 25 жылында кентіміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамып келе жатқан, рухани-мәдени орталығы қалыптасқан елді мекенге айналды. Қазіргі таңда кентіміз аумағы жағынан да, халық саны жағынан да аудандағы үлкен аймақтардың бірі болып саналады.
Кентте «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 12 балабақша жұмыс жасайды, онда кент бүлдіршіндерінің 99,2 пайызы қамтылған. «100 мектеп, 100 аурухана» және «Нұрлы жол» бағдарламасымен заманауи үлгіде салынған сәулеті көз тартарлық білім ордаларында оқушының толық, қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Арнаулы орта білім алғысы келетін түлектер «Үздіксіз білім беру» колледжінде оқып, дәріс алуда.
Қырық мыңнан аса тұрғыны бар кентте халыққа қызмет көрсету орталығы мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін екі аурухана бар, олар заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Боралдай кентінде кірпіш зауыты, құрылыс пен тұрмысқа қажетті материалдар шығаратын зауыттар, табиғи тастарды өңдеу цехы, көлік, өндіріс кооперативтері, шаруа қожалығы және он мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері мен кәсіпорындар жұмыс істейді.
Қазіргі таңда кенттегі тұрғындардың елу пайыздан астамын құрайтын қазақ халқы 44-тен аса өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті, достық қарым-қатынаста өмір сүреді. Екі этномәдени орталық өз жұмысын жүргізіп келеді. Орталықтар кентте болатын қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Славян этномәдени орталығының» жетекшісі, «Родничок» балабақшасының меңгерушісі Л.Гасанова Іле ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» іс-шаралар жоспарына сәйкес кентте - Қазақстанның өткенін ұлықтап, бүгінін қадірлеп, келешегіне дұрыс бағдар жасау, Елбасы саясатын іске асыру, Тәуелсіздіктің құндылығын бағалап, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру, азаматтық қоғам институттарын дамытып, ұлтаралық татулықты сақтау мақсатында «Мен Қазақстан азаматымын», «Батыр бабалар рухына тағзым», «Жолдауды қолдау», «Баршаға үлгі болар ізгі іс жаса», «Халықтар достығы – іргетасы бірліктің», «Білек пен білімді қатар ұста, жас ұлан», «Біз Қазақстанға дауыс береміз», «Дені саудың – жаны сау», «Келін, әже, немере» секілді басқа да көптеген мәдени-спорттық, қоғамдық-саяси іс-шаралар мен жарыстар, кездесулер мен семинарлар ұйымдастырылып өткізілді. Аталмыш жиындарға кенттің Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Қоғамдық кеңес төрағалары мен мекеме-ұйым басшылары, білім, денсаулық, бизнес саласының өкілдері мен кент тұрғындары қатысып отырады. Сонымен қатар тұрғындарды спортқа баулу, мәдени-қоғамдық іс-шараларға тарту мақсатында, жастардың қарттарды аялап, кішіге ізет көрсетуі, білім алып, өз мамандығының білгірі болуын, діни сенімдеріне селкеу түсірмей, адал жолмен жүруді насихаттайтын, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, дөңгелек үстелдер мен флэшмобтар, акциялар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады.
«Нұр Отан» партиясының алға қойған мақсаттарын орындау барысында кентте 19 партия тобы бар «Боралдай» бастауыш партия ұйымы жұмыс жасауда. Партияның әр мүшесі қоғам алдындағы, мемлекет алдындағы азаматтық борышын өтеуді жоғары мәртебе деп біледі және сол жолда еңбек етуде. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, осы желтоқсан айында кентте екі партия тобы ашылды.
25 жылда жеткен жетістіктерімізді айта берсе таусылмақ емес.
Ұлтаралық ынтымақтастық пен еңбекқорлық және ұлтжандылық қасиеттерін сақтай отырып, біз алға қойған мақсаттарымызға жетеміз. Мәңгілік елдің жарқын болашағына өз үлесімізді қосамыз. Оған Боралдай халқының мүмкіндігі толығымен жетеді деп ойлаймын.
Тұмарымыз болған – Тәуелсіздігіміз баянды, мәңгілік тұрағымыз – Қазақ елі аман болсын!
