Ұлан-байтақ кең даланы алып жатқан еліміздің жан-жағы көгілдір, күрең ала таулар қоршаған жерде туып өскен Елбасымның мұраты – биік, арманы – асқақ. Қазір әлем таныған ел болып отырғанымыз елін сүйген Елбасының арқасы десек, қателеспейміз. Қазақ халқының тарихи Отаны, сонау түп аталарымыздың мәңгілік бесігі, ұрпағымыздың ұлы ордасы Қазақстанды, Қазақ елін әлем халқы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана таныды.
Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.
Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.
Аталмыш заңның бірінші тарауында: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптері бойынша құрады. Өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін басқа мемлекеттердің тануы үшін Қазақстан Республикасы ашық», – делінген. Рас, содан бергі 24 жылда елдің іргесі сөгілген жоқ. Ұлтаралық татулыққа селкеу түспеді. Яғни, Конституциялық заңның дер кезінде қабылдануы Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстанмен шекараны реттеуге ықпал етеді. Шындығы сол, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдау жаңа тәуелсіз мемлекетіміздің шынайы егемендігінің бастауы болды.Тыңнан түрен салған Қазақстан халқы, оның Көшбасшысы тәуелсіз мемлекеттің басым бағыттарын нығайтты. Ең алдымен шынайы егемендікті жария етіп, сыртқы әлемге танылуға қол жеткізілді. Әлем Қазақстанды Елбасының арқасында таныды, мойындады.
Барша ұлтты бауырына басқан бауырмал Қазақ халық біреуді артық, біреуді кем деп көрмеген. Татулық пен достықта тұруды ежелден серік еткен. Қазақстан – өз ұлты, халқы, діні, тілі, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі бар құдіретті ел. Қазаққа тән ата-бабаларымыздан қалған ар-намыс, жігер-қайрат, қайтпас қанат мұра ретінде келешек ұрпаққа дейін жеткен. Тарихқа үңіле отырып: «Кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз?» – деп ойлансақ бұл – туған елінің, халқының өткені мен келешегіне көз жіберген әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі сөзі. Қазақ елі тәуелсіз болса деген арман ұшқын шашса, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қазақ елінің соңғы он тоғыз жыл тұтқасын ұстап, туын көтерген тұрлаулы да тұғырлы тұлғасы – тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Ұлы даланың тағдыр-тарихын барлық дем тынысымен түсініп, елінің ендігі тарихын сол ұлылар рухында одан әрі жаңғырта, жасарта алып кететін ер, көзсіз батыр, тап-таза ар-намыстан жаралған қайтпас-қайсар қайраткер, елін басқарып, қос батырдың ісін істей алатындай ерекше тұлғаны тап басып таңдап, тағдырын қолына бергенінде жаза басып жаңылған жоқ еді.
«Нұр жауар хақтан рахман иманды ерге» дегендей, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Президентіміз өзінің туған елін сара жолмен абыройлы бастап келеді. Бұл жолда Елбасы қаншалықты абыройлы болса, халқы да оны құрметтеп, сыйлаумен келе жатқаны баршаға аян. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақты, Қазақ елін жер планетасының бергі бетінен арғы бетіне дейін түгелге жуық таныстырып үлгерді. Біздің Президентімізді дүние жүзі таниды және оны өз бауырындай, досындай, ақылшысындай, тіпті өздерінің басшысындай көретінін мақтан тұтамыз. Бұл жолда қойдай қоңыр халқыңды от пен суға түсірмей алға бастай бер, Елбасы, еліміздің діңгегі мықты, мәртебесі биік болғай!
Р. АЙДАРБЕКОВА
Іле таңы газетінің бас редакторы
|