БАСТЫ > 

 
 
 
«УЧАСКЕ» ЖЕДЕЛ АЛДЫН АЛУ ІС-ШАРАСЫ БАСТАЛДЫ 22.09.2016


        Облысымыздың өзге де өңірлері сияқты аудан көлемінде Ащыбұлақ пен КазЦИК округтерінде республикалық «Учаске» жедел алдын алу шарасы басталды. Бұл шараға Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарынң Ішкі істер басқармасы, Қапшағай қаласының Ішкі істер басқармасы, аудандық көші-қон полициясы, Алматы облысы батальоны жол патрульдік полициясы мен рота жол патрульдік полициясы барлығы 213 полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Учаскелік полицейлермен округтегі Қоғамдық кеңес мүшелері өз аумақтарындағы мекен-жайларды аралап, азаматтар туралы мәліметтер жинастыруда.
Біз аудандық Ішкі істер басқармасы жергілікті полиция бастығының орынбасары, майор Айдос Муралимовқа жолығып, жедел шара жайлы әңгімелескен едік.
– Аймақта жедел жағдайды тұрақтандыру, қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру, халық арасында учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының беделін арттыру, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында үстіміздегі жылдың 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан айына дейін аудан көлемінде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Осыған орай Алматы облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы М.Күштібаевтың арнайы бұйрығымен жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес ауданда жедел алдын алу шарасы қолға алынды.
- «Учаске» жедел алдын алу шарасының басты мақсаты - жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Нақтырақ айтқанда, пәтерлер және үйлер бойынша әкімшілік учаскелерді тексеру, тұрғындар туралы мәліметтерді әкімшілік учаскеде тұратын тұлғаларды тіркеу журналына енгізу; қару иелерін тұрғылықты орындары бойынша тексеру, ІІО-ның есебінде тұрған адамдарды мекен-жайы бойынша тексеру, олармен про-филактикалық жұмыстар жүргізу. Сонымен қатар осы іс-шара барысында 2031 саяжай үйлері, 3101 тұрғын, 16 жалға берілген пәтерлер тексерілді. Сондай-ақ, 12 қару-жарақты сақтаушы азаматтар қатарында екеуінен заңсыз сақталған қарулар табылып, бірнеше азаматтық құқық бұзушылық фактісі тіркелді.
Орайы келгенде аталмыш округ тұрғындарынан жедел алдын алу шарасының өз деңгейінде өтуіне түсіністікпен қарап, инспекторлардың сауалдарына дұрыс жауап берулерін сұраймыз. Өздеріңіз тұратын аймақтардан әлдебір келеңсіз оқиғаларды, сезікті жағдайларды байқасаңыз, қоғамдық тәртіптің бұзылуына куә болсаңыз аудан көлеміндегі кез-келген полиция бекетіне хабарласуыңызға болады. Біз әрқашанда көмекке әзірміз, – дейді полиция майоры Айдос Муралимов.
«Тәртіпке бағынған құл болмас», - дегендей әрбір азамат өз құқығын қорғауға, заңға бағынуға тиіс.