Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында ауданымызда Алматы облысының аудан, қала мәдениет күндері аясында Междуреченск ауылдық Мәдениет үйінде «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық Мәдениет үйлері арасында облыстық байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты: мәдени аумақтағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, халықпен жеке дауыстағы әншілердің, көркемөнерпаздар ұжымдардың орындаушылық шеберліктерін жан-жақты көрсету және дарынды жеке тұлғалардың есімдерін анықтау мен оларды насихаттау, талантты адамдарға қолдау көрсетуге және олардың шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау, ауыл тұрғындарының жалпы мәдени деңгейін анықтау болып табылады.
Аталған байқауға Алматы облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан Ғұмаров Төлеужан Нүсіпжанұлы, Халық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Сабитова Айгүл Ташболатқызы мен режиссер Нұрмыхамбетов Асқар Қалиұлы арнайы келіп, ауылдың мәдени өмірімен танысып, жақсы деген бағаларын қойып кетті.
Байқау аясында Междуреченск ауылдық кітапханасы «Ауылым – алтын бесігім» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмемен ақын, композитор, ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысы мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Ғұмар Төлеужан Нүсіпжанұлы танысып, өз пікірін білдірді. Үш бөлімнен тұратын кітап көрмесіне табиғаты көркем Жетісу елді мекендерінің фотоальбомдары, Жетісу жерінің атақты ақын, жазушыларының шығармалары, Алматы облысы әкімінің қолдауыменен жарық көрген кітаптары қойылды. Көрме Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған кітап инсталляциясы және Астана күніне арналған «Нұрын шашқан әлемге, тұтқа болған бар елге» көрмесімен жалғасты. Көрмеге Астана туралы кітаптар, Н. Назарбаевтың еңбектері, Іле аудандық кітапханашыларының ЭКСПО-ға барған сапарынан сурет галереясы ұсынылды.
Кітап көрмесінен кейін, комиссия құрамы Мәдениет үйінің құжаттарымен танысып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Концерттік бағдарлама 10 нөмірден тұрды. Бұл жерде ауыл тұрғындары өз өнерлерін көрсетіп, цирктік қойылым көрермендерді таңқалдырса, «Еңлік-Кебек» поэзиясынан үзінді қойылымы әр отырған көрерменнің көңілінен шықты. Сонымен қатар, концертте отбасынан құралған жұптар өлең айтып, бүлдіршіндер әдемі биімен өнерлерін көрсетті. Концерт салтанатты түрде фейерверк отымен тамамдалды.
Аталған байқау қорытындысы Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қазылар алқасының ұйғарымымен қазан айында шығарылады.

|