«Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» және «Сәтті қадам» жобалары аясында «Нұр Отан» партиясы, Іле аудандық филиалы, Боралдай БПҰ-ның ұйымдастыруымен кенттегі №17 мектептің спорт алаңында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорттық жарыстар өткізілді.
Аталмыш іс-шараның мақсаты – ынтасы мол, мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа баулу арқылы өздеріне деген сенімдерін күшейтіп, серпін беру, өмірге деген құштарлықтарын ояту, әрі балалардың әке-шешелеріне де үміт сыйлау.
Қазақ халқында «Баланы ойын өсіреді» деген дана сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Осы тұрғыда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін дене шынықтыру жаттығулары мен спорттық ойындардың маңызы тіптен зор.
Спорттық ойындар далада өткізілді. Таза ауадағы дене шынықтыру жаттығулары бала денсаулығына ерекше пайдалы әсерін тигізеді. Жарысқа қатысқан барлық балаға жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, кедергілерден өту, қарсы шығу, тепе-теңдік сақтау секілді әр түрлі әрекеттерден тұратын жаттығулар жасатылып, ойындар ойнатылды. Бұл әрекеттерді жасау арқылы бала өзі жасаған қимылына сенімі артып, бойында ойлау, тапқырлық, шыдамдылық, ұйымдастырушылық, белсенділік секілді қабілет-қасиеттері қалыптасады және қол-аяқ моторикасы дамиды. Ұйымдастырушылар тарапынан балалардың аналары мен әкелеріне осы жаттығуларды баласымен бірге үйде жиі қайталауға кеңес берілді.
Іс-шараға келген балалардың барлығы ерекше белсенділік көрсетті. Әр бала өз жетістігіне қуанып, «Жарайсың» деп шапалақ ұрғанда айрықша шаттанып, аналарын құшақтап өз сезімдерін білдіріп жатты. Бүлдіршіндердің көзіндегі жарқ еткен бақыт ұшқынын көргенде мақсатымыздың сәл де болса орындалғанын көрдік.
Жарыс соңында «Нұр Отан» партиясы Боралдай БПҰ төраға орынбасары А.Таңатар балаларға бағалы сыйлықтар тарту етті.
Алдағы уақытта кенттегі даму мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады және паралимпиадалық ойындар дәрежесінде де өтетін болады.

|