Еліміздің Президентінің жыл сайынғы Жолдауы мемлекетіміз бен қоғамымызды дамудың жаңа сапалы сатысына көтеру болып табылады. Қазіргі таңда еліміз өзінің жоғары экономикалық даму қарқынымен ерекшеленіп, азаматтар құқығы мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етіп отырған Тәуелсіз мемлекет ретінде танылады.
- «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» - деп, бес негізгі басымдығын атап өткен Президентіміз олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықты екенін атап өтті.
Жолдаудың жастарға деген маңызы зор, мақсаты айқын екендігі көңіл қуантарлықтай болды. Себебі, қазіргі таңда үлкен проблемаға айналып отырған, жас отбасылардың баспанаға қол жеткізе алмауы, осы орайда Елбасы тапсырмасымен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайтын болды. Ол аса маңызды міндетті орындауға алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жолғы Жолдауда да тіл мәселесі мен білім беру мәселесі назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін деп тапсырды. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі - жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі таңда ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» - деп еліміз үшін ағылшын тілі, әсіресе жастарға жете меңгеру қажет екенін тайға таңба басқандай атап айтты. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру қажет екендігін жеткізді. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік беретіндігін көрсетті.
Біздің еліміз - жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз - бірлікте.
Еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру біздің қолымызда екендігінің бір дәлелі екендігін көрсетті. Олай болса, біз жастар Елбасымыздың сенімін ақтап, Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында аямай тер төгіп, еліміздің көк туын көкте желбіретуге уәде береміз.
ДАУТАЛИЕВ Ғани Сауытбекұлы,
аудандық мәслихат депутаты.
|