Біздің еліміз сан алуан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жиып, берекесі мен бірлігін сақтаған елге айналды. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Соның айқын дәлелі Тәуелсіздігімізді алғаннан бері 130-дан аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Президент өткен жылдар ішінде БҰҰ әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі зор табыспен өткенін мәлім етті.
- «Біз іргемізді бекітіп, елдігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған «қазақстандық моделін» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсатымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге артып, жан басына шаққанда 600 доллардан 13 мың долларға жетіп, Шығыс Еуропа, Түркия, Малайзия секілді өзіміз өнеге тұтқан елдерден басып оздық. 1993-2013 жылдар аралығында 200 млрд. доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқаты барынша жақсарып, өркениетті елдердің деңгейіне жетті», - деді Елбасы Н. Назарбаев.
«Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген сөзді дана жұртымыз тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. «Ырыс алды - ынтымақ» деген қазақтың қасиетті қағидасы бар. Елдің, тұтас бір мемлекеттің ынтымағы дамудың даңғыл жолына бастайды. Отан от басынан басталатыны сияқты, ынтымақ пен бірліктің негізі әр шаңырақтан басталуы тиіс. Ауданда сан түрлі мекемелер, ұйымдар бар. Ынтымақ - сол ұйымдардың бет-бейнесін көрсететін бірден-бір қасиет. Ынтымақ дегеніміз ортақ іске жанашырлық, оңды көзқарас деп түсінемін. Сондықтан қоғамда болып жатқан өзгерістерге саналы, салиқалы түрде қарайтын болсақ, ынтымақ ешқайда қашпайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымағымыз ұзағынан болғай.
|