«Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». («Бақара» сүресі, 185 аят) Берекелі Рамазан айы бізге көп жақсылықтың есіктерін ашып, өзге айларда берілмеген сауаптар осы рамазан айында беріледі. Алла Тағала бұл айда кеңшілігін, жарылқауын, кешірімін, рахметін нәсіп етіп, бізді туралыққа бастайды. Кімде-кім ислам парыздары мен бұйрықтарын орындап, Алла ризалығына сай жақсылықтарға лайық істер атқарса, сауап жинайды, құдайдың шексіз мейірім шапағатына иеленеді. Сауабы мол айдың бірі - Рамазан айы. Алайда, айта кететін маңызды нәрсе істеген амалдың сауабы ниетке қарай ауырлайды немесе жеңілдейді. Сауапты амалдың ең басты шарты ол – ықылысты ниет. Ниет - тек Алла Тағаланың разылығы үшін болу керек. Небір береген жомарттың, ержүрек бахадур батырдың, құран иелерінің істеген салихалы амалдары тозақ азабынан құтқара алмаған. Себебі: «амалдар ниетке байланысты» - деп, пайғамбарымыз (с.ғ.у) тегін айтпаған. Ал осы Рамазан айының оразасы туралы Алла Тағала хадис құдусида: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әжірін Өзім берем. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусын, ішімдігінен және әйеліне жақындаудан бас тартты», - дейді. Олай болса, Оразаны ерекше құрметке көтеретін және сауабын Алла Тағаланың өзім берем деуінің себебі: Ораза ол - риясыз құлшылық. Мүбәрәк Рамазан айы өте қасиетті, мәртебелі. Бұл айда жасалған нәпіл намаз, зікір, садақа және бүкіл нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда жасалған бір парыз басқа айларда жасалатын жетпіс парыздай болады. Бұл айда ауыз бекіткен бір адамға ифтар беріп, ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Сол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап бұған да жазылады. Ораза тұтқан адамның сауабы да мүлдем азаймайды. Бұл айда қол астындағыларға жұмыстарын жеңілдеткен, олардың ғибадат етулеріне жеңілдік жасаған әмірлер, басшылар да кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Рамазан айында ораза тұту үлкен сауап. Үзірсіз (себепсіз) ораза тұтпау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Рамазанда үзірсіз бір күн ораза тұтпаған адам, оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды» делінген. «Рамазан айында жанұяларыңның нәпақасын кең ұстаңдар! Бұл айда жұмсалған нәрсе, Аллаһ жолында жұмсалған сияқты сауап болады». «Ораза тұтқан мұсылманның үндемеуі тәсбих, ұйқысы ғибадат, дұғасы қабыл және амалының сауабы көп болады». Хадистің бірінде Буба ибн Әс-Самит (р.а) айтады: «Рамазан таяп қалған болатын. Расулуллаһ (с.ғ.с) бір күні: «Береке айы болған Рамазан жақындап қалды. Бұл айда Хақ тағала сендерге назарын салады. Әрі рахметін түсіріп, күнәларды кешіріп, дұғаларды қабыл етеді. Алла Тағала сендердің игілік істеуге жарысқандарыңды көріп, оны періштелерінің алдында мақтаныш етеді. Ондай болса, Хақ Тағалаға жақсы амалдарыңды көрсетіңдер! Тіпті, осы айдың өзінде Алла Тағаланың рахметінен мақұрым қалған пенде ақиқатында бақытсыз», - деді». Бұл айды «жақсылықтар жарысы» - десек, артық айтқан болмаймыз. Хасан әл-Басрийдан риуаят етілуінше, ол кісі күліп отырған бір топ адамдардың қасынан өтіп бара жатып: «Расында, Алла Тағала рамазан айын пенделері үшін бір-бірімен жарысатын уақыт етіп қойған. Пенделер Аллаға құлшылық жасауда бір-бірімен жарысады. Біреулер озып шығып жеңіске жетеді, біреулер артта қалып үмітсіздікке тап болады. Озып шыққандар жеңіп, қалып кеткендер үмітсіз болған күнде күліп мәз-мейрам болғандарыңа жол болсын. Бірақ Аллаға ант, егер перде көтерілгенде сауап алған сауабымен, күнәһар болған күнәсімен әуре боп, оразасы қабыл болған адам қуанышынан, оразасы қабыл болуынан үміті үзілген адам өкініштен күле алмайтын еді», - дейді. Бәлкім Жаратушы Иеміз осы айтылған аят пен хадистегідей: «Кім жақсы амалмен келсе, оған сондайдың оны /еселеніп/ беріледі...». («Әл-Әнғам» сүресі, 160-аят). Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі былай деген: «Сендерден біреуің жан-дүниесімен исламды қабылдап, одан кейін жасаған әрбір жақсы ісі үшін ең азы оннан жеті жүз есеге дейін сауабы жазылады. Жасаған әрбір күнәсі үшін де сол ғана жазылады. Бұл жағдай Аллаға қауышқанша жалғаса береді» біздің де салихалы істеріміздің сауабын Рамазан айының құрметімен бірден онға, оннан жеті жүз есеге дейін арттырса дейміз. Әмин!
Еркін ЧАМШИЕВ,
Комсомол ауылдық мешітінің имамы.
|