Дәстүрлі тарихи жер-су атаулары – халықтың рухани тарихы және оның ұлттық санасы, философиялық дүниетанымы, сұлулыққа, көркемдікке деген көзқарасы. Ендеше, Тәуелсіздігімізді, Елдігімізді, Мемлекеттігімізді мейілінше берік орнықтыру мақсатында ежелден ел санасында қалыптасқан төл атауларымызды жаңғырту, қайта атау - Отаншылдық, ұлттық рухымызды асқақтатары хақ.
Ономастика дегеніміз - география, этнография, фольклор, тарих, мәдениеттану, лингвистика, сөз өнері ілімдерімен тұтаса байланысқан ұғым. Оның тарихилық, әдеби-мәдени, тағылымдылық құндылықтары да өлшеусіз. Ономастикалық атаулар беру барысында біз қазақ мемлекеттілігін қалыптастырған және оны сақтауға ерекше еңбек сіңірген тұлғалар туралы ойланғанымыз дұрыс. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсаттар мен міндеттердің бірі - ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, еліміздегі атауларды реттеу, көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін рәсімдеуді біріздендіру болып табылады. Ономастика саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында 2013 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, қолданысқа енгізілді. Сол себепті, өзгеруді қажет ететін немесе атауы жоқ барлық әкімшілік-аумақтық бірліктер (ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс) мен ондағы құрамдас бөліктердің (шағын аудандар, алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, тұйық көшелер, саябақтар, скверлер, көпірлер, және т.б) атауларды қолданыстағы заң талаптарына сай Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының талаптары бойынша жұмыстарды жергілікті әкімдіктерге түскен ұсыныстар негізінде жүргізіледі. Яғни, қабылданған жаңа заң нормаларына сәйкес елді мекендерге Республикалық ономастика комиссиясымен міндетті түрде келісе отырып, атау беру және оларды қайта атау, ал облыстық маңызы бар қалаларда ономастикалық жұмыстарды Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде ғана жүргізу қарастырылды. Сонымен қатар, ашықтық қағидатын орнату мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау туралы шешімді тиісті аумақ халқының пікірі ескерілгеннен кейін ғана қабылдауға басымдық беріліп отыр. Ономастика саласына қатысты арнайы аудан әкімінің 2016 жылғы 6 қаңтардағы №1 өкімімен «Іле ауданы әкімі жанындағы тіл және қоғамдық ономастика жөніндегі жұмысшы тобы» құрылып, оның құрамы мен ережесі бекітілген. Жұмысшы топтың құрамында мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, қоғамдық кеңес төрағасы, БАҚ өкілдері енгізілген. Жұмыс топтары елді мекендердің құрамдас бөліктеріне (көше, даңғыл, орамдар, саябақ, және т.б) атау беру және қайта атау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп, құжаттарды сараптап, толықтырып, облыстық өкілді және атқарушы органдарға ұсынады. Яғни, ауылдық округ әкіміне ономастика мәселесі бойынша тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштерді және тиісті құжаттарды жинақтап, сараптап дұрыстығын зерделейді. Бірақ тиісті шешім қабылдамайтынын айта кеткен жөн. Бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiндегi елдi мекендерге, елдi мекендердiң құрамдас бөлiктерiне бiр атауды бiр мәрте ғана беру тәртібінің сақталуын қатаң бақылайды. Елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қолданыстағы 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына» сәйкес және осы ұсынымдағы 7-бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізеді. Облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолданатын құжаттарды сараптап, яғни қолданыстағы заңнамада көрсетілген критерийлерге және осы әдістемелік ұсынымдарда көрсетілген тәртіпке сәйкес жолдануын жіті қадағалайды. Қолданыстағы заңнамада көрсетілген критерийлерге көрсетілген тәртіпке сәйкес келмейтін құжаттарды қабылдамай, кері қайтарады. Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәселесін бақылауды 11-бөлікте көрсетілген талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізеді. Атау беру және қайта атау кезінде ұсынылған атаулар бойынша республика халқының құрметпен қарауын қалыптастыру мақсатында халықпен түсіндіру жұмыстарын, мерзімді баспасөзде материалдар жариялау ақпараттық хабарлар беруді және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырады. Жоғарыдағы жұмысшы топтан бөлек көше атауын өзгерту немесе атауы жоқ көшелерге атаулар беру туралы келіп түскен ұсыныстар аудандық қоғамдық кеңес отырысында, аудандық мәслихат сессиясында тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданады.
|