БАСТЫ > 

 
 
ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДА
ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ҒАЖАЙЫП
21.02.2018

                      

Қашанда бодан елдің бостандыққа шығуы, мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі оңайға соқпаған. Қатыгездігі шектен шыққан Кеңес Одағының уысынан қазақ елінің аман-есен егемендікке шығуы, біріншіден тағдырдың сыйы болса, екіншіден, азаттық жолындағы құрбандықтардың өтеуі екені күмәнсіз.

Қазақстанның азаттық туын көтерген сәттен-ақ жауапкершілігі бұрынғыдан әлденеше ауыр жаңа дәуір басталды. Қоғам жол айрығында тұрды. Жас мемлекеттің шаңырағын шайқалтпау үшін күндіз-түні тынбаған ізденіс Елбасын үш ұлы да, нақты қадамдарға әкелді. Оның екеуі 1994 жылдың, біреуі 1995 жылдың еншісінде.

1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғары Кеңесі сессиясында Ел Президенті ең алғаш рет еліміздің астанасын басқа қалаға ауыстыру туралы нақты идеясын ұсынды. Осы бір кезең туралы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде: «Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы  онша  емес.  Қарағандыны  да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық». Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі болды.

Елбасы өзінің ерен ержігерінің арқасында үлкен батылдық пен көзсіз ерлікті қажет ететін бастаманы жүзеге асырып, қазақтың сахара төсінде әлемдік астаналармен сәулет таластыратын осы заманғы үздік мегаполис қалыптастырды.

1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.

Жиырма жыл ішінде Есіл бойында жаңа тұрпатты сән-салтанаты ғажайып қала пайда болды. Қала жыл санап емес, күн сайын жасарып келеді. Астана еліміздегі экономикалық және саяси жаңғырулардың орталығына ғана емес, сонымен қатар, халқымыздың мәдени өмірінің темірқазығына айнала бастады.        

Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі.