БАСТЫ > 

 
 
ЕЛ ІШІ АЛТЫН БЕСІК 20.12.2017

                    

Ащыбұлақ ауылдық округі, Көкқайнар ауылының тұрғыны Оксана Парфенова үлкен қуанышқа кенеліп, баспаналы болды. Бұған дейін 4 баласымен үйі өртеніп, бала-шағасымен қара суықта далада қалған еді. Қиналып жүрген анаға округ тұрғыны белгілі кәсіпкер Нелли Салиханова  отбасымен кеңесе отырып, қайырымдылық жасап, үй салып берді.

 «Көп түкірсе, көл болар» деген халқымыздың даналық сөзін басшылыққа алған Нелли Утеповнаның бұл ісіне қай жағынан алса да үлгі етуге тұрарлық дейді қайырымдылыққа шынайы разылығын білдірген ел қариялары.

«Алажаздай үйсіз-күйсіз қалған 4 балалы Оксанаға өзі жұмыс жасап жүрген «Анжелла» шаруа қожалығының иесі Нелли Салиханова отбасымен бірге жұдырықтай жұмылып, басына баспана салып берді. Әрине, бұл барша адамға үлгі болатын сауапқа толы, жан-дүниеңе рахат сыйлайтын жақсы іс болды», -  дейді округ әкімі Серік Күзембаев.

Ел ішінде осындай игі істердің көбейе түсуіне еліміздегі діни тұрақтылық пен татулықтың септігі мол екені даусыз. Егемендік алғалы ерінбей еңбек етіп, етек-жеңін жиып, еңсесін тіктей бастаған бауырлардың, мұқтаждарға жәрдемдесіп, өзінен артылғанды өзгемен бөлісуге деген ұмтылысы имандылықтың кемелдене түскенінің көрінісі болса керек.

«Жаратушының сыйы бір сәтте екен. Мен де ойламаған жерден бұл сыйға жеттім. Нелли Утеповнаның да отбасына осы жақсылықты тілеймін. Аллаға сансыз шүкірлік етемін. Осындай мұқтаждарға себепші болып жүрген, қол ұшын беріп жүрген азаматтарға үлкен алғысымды айтамын», – деді көп балалы ана Оксана Парфенова.

Бұл үйдің фундаменті тамыз айында құйылған. Сөйтіп, қыркүйек айынан қайта жалғасын тауып, бүгінде Тәуелсіздік күніне орай үй иесіне кілті табысталды. Халқынан осындай сый көрген Парфеновтар қуаныштан көзіне жас алды. Айта кетейік, осы игі істің басы-қасында жүрген округ әкімі Серік Күзембаев округ әкімшілігі атынан ас үй жиһазын табыс етсе, аудан әкімінің орынбасары Серік Ерекешев үйге газ тартып беруді қолға алатынын жеткізді. Осы ауылдың тағы бір Алмас атты кәсіпкері отбасын электр жабдығымен қамтамассыз еткенін жеткізді.