БАСТЫ > 

 
 
АҚСАҚАЛДАР ҚАРАОЙДА ТОҚЫМ ҚАҚТЫ 20.11.2017

                    

«Уақыт керуеніне бөгет жоқ» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Ауданымызда Алматы облысы ақсақалдар ұйымының Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында  басталған «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акциясын Қараой ауылында «Ұмытпайық бабалар өсиетін, жаңғыртайық дәстүрдің қасиетін» тақырыбында өтті. 

Бұл жерде он округтен келген Ақсақалдар кеңесі мен жергілікті қауымдастық мүшелері келіп көрермен болып, өз бағасын берді. Іс-шарада сөз алған аудандық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Ж.Серьянов: «Музыка, әсем әндер арқылы халықтың жан-дүниесін, ұлттық ерекшеліктерін байқауға болады. Бүгін біз сіздерге қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрлері мен ұлттық шығармашылығын таныстыруға тырыстық. «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акциямыз ауылдар арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі нығайта түседі деп сенемін», – деді ол.

Қараой ауылдық округінің әкімі Данияр Казербаев бастаған, қоғамдық кеңес төрағасы Қабылтай Алимбаев пен Виктор Паротиков, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ақжолтай Текесбаева, ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрайымы Б.Мұхаметжанова, аналар кеңесінің төрайымы Шекер Таджиевалар барын салып дайындалғаны көрініп тұр.

Ауыл кітапханасының, №14, 26, 18 орта мектептердің, округтегі «Балапан» балабақшасының, «Затейники» үйірмесінің  Мәдениет үйінің дәлізіне қойылған тарихи жәдігерлерінің көрмелері, сонымен қатар күрд, орыс ұлттарының тағамдары келушілерді қызықтырды. Олар қазақтың ұлттық салттарымен, қазақтың қолданбалы өнерімен танысуға мүмкіндік алды. Мәдениет үйі көрермендерге лық толды.

Ал, сахнада ауыл ақсақалдары әскерге кеткен балаларын шығарып салып қазақтың «Тоқым қағар» дәстүрін қойылым арқылы көрсетті. Тоқым қағар – қазақтың ескі дәстүрі бойынша, жас жігіт алғаш рет жолаушы жүргенде берілетін жолаяқ, кәде. Алыс жолға кеткен жігіт аман-есен келсін, тоқымы жерде қалмасын деген жақсы тілек білдіруге байланысты берген. «Тоқым қағар» қойылымы арқылы сонау тарихи «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарындағы қазақтың мұң-зарын баршаға ұсынды.

Өнердің қай саласы болса да, адамдарға рухани күш-жігер беріп, ерекше қуаныш, толқу сезімдерін оятады. Қазақтың әдеби, музыка, тұрмыстық, кәсіби фольклоры, халықтың ғасырлар бойы болашақ ұрпағын тәрбиелеудің асыл арналары болып саналады.

Айтылған фольклорлық мұралар, қазақтың тәлім-тәрбиелік әдет- ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, түрлі саладағы өнерпаздығын, көркем- эстетикалық талғамын ұлттық болмыстың қасиеттерін қамтиды. Сондықтан, ата-бабаларымыздың рухани және материалдық мәдени құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру, әрі соның негізінде оларға ұлттық мәнде тәрбие беру өзекті педагогикалық мәселелердің бірі көптеген педагогикалық ғылыми-зерттеулердің өзегіне айналуда. Сондықтан кейінгі жас ұрпақ ұлттық салт-дәстүрлерді құрметтеуі керек.

Келесі «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» акциясы Междуреченскі ауылында жалғасын табады.