БАСТЫ > 

 
 
АҚЫНДАРЫН ДАРА ТҰТҚАН 20.10.2017

     

     

         Боралдай кентіндегі №39 мектеп-гимназиясының акт залында «Өнерім – өмірімнің белгісі» тақырыбында округтегі жергілікті ақын, әнші бойларында тұнып тұрған талантты жастарды көпшілікке насихаттап, еңбектерімен кеңінен таныстыратын кездесу кеші өтті. Кеш қонақтары ретінде аға буын өкілі ақын Б. Жанділдә, орта буын өкілі тарих пәнінің мұғалімі, ақын Г. Қалыбайқызы, кіші буын өкілі 4 сынып оқушысы, күміс көмей әнші Қ.Дүйсенбай шақырылды. Осылайша №39 мектеп-гимназиясының директоры Г.Несіпбайқызы мен мектеп ұжымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, үш буын өкілінің басын қосып керемет кеш ұйымдастырды. Аталмыш іс-шара Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – ауданымыздың құрметті азаматтарының, ардагер ұлы тұлғаларымыздың ерен еңбектерін бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау, зиялы қауым өкілдерін үлгі ету, оқушыларды, жастарды адамгершілікке, үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы туралы түсінік жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Аталмыш шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков, Боралдай ауылдық окургінің әкімі М. Сәлімбаев, ауданымызға танымал әнші Ғ. Сембиев жас мамандар, мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты.

Шара барысында құрметті қонақтар жиналған көрерменге өздерінің өмір жолы туралы әңгімелеп берді. Өз өмір тәжірибелерімен бөліскен қонақтар жиналған жастар мен оқушыларға тәуелсіздіктің мәні мен маңызын, қазіргі таңда еліміздің жеткен жетістіктері туралы ойларын жеткізді. Сүбелі мәселелер мен тың жаңалықтарды сөз еткен ауыл дарындылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы да өз ойларын ортаға салды. Қазақстанның ертеңі мен бүгінін саралаған қонақтар, болашақтың кілті жастардың қолында екенін баса айтты.

Мәні мен сәні жарасқан бұл кеште жас әнші Қуаныш әуелетіп ән салса, ақын, аяулы ұстаз Гүлсара Қалыбайқызы өз өлеңдерін тебірене оқыды. Ал, Баймұрат аға ағалық ақылын айтып, жиналған көрермендерге бата беріп, өз ақ тілегін жолдады.