БАСТЫ > 

 
 
 
НЕГІЗГІ МАҚСАТ ТҰРМЫСТЫ ЖАҚСАРТУ 20.10.2016

       

Ел Президенті Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында қазақстандағы жұмыссыздықты азайту, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, сол арқылы орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға айрықша назар аударып, бұл бағытта бірнеше маңызды бағдарламаларды ұсынды. Соның ең маңыздысы - 2015 жылы қабылданған «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» стратегиялық жоспарында 83-84 қадамдарында жұмыссыздықты барынша азайтудың қадау-қадау мәселелері алға тартылған. Осыған байланысты біз Іле аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Еркін Әбілханұлы Жақашевты әңгімеге тартқан едік.
- Еркін Әбілханұлы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қандай жұмыстар жүзеге асырылды?
Баршаға жақсы мәлім бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жұмыссыздықты азайту, халықтың өз кәсібімен айналысыуына мүмкіндік туғызу. Сол арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту. Бүгінгі күнде «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» бағдарламасы үш бағыт аясында жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның бірінші бағыты - бойынша 2016 жылы инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге 30 жоба бойынша 723,3 млн.тенге қаржы бөлінді. Оның ішінде екі жоба бойынша КазЦИК ауылында №6 және Ащыбұлақ ауылында №19 орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Күрделі жөндеу кезеңінде 124 уақытша бос жұмыс орындарын ашып, оның ішінде 64 адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілді.
28 жоба бойынша ауылды елді мекендерде жолдарды ағымдағы жөндеу, канализация жүйелерін, су құбырларын және жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысында 136 жұмыс орны ашылып, оның ішінде 74 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жіберіледі.
Бағдарламаның екінші бағыты - жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыру және экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді.
Мәселен, осы бағыт бойынша Байсерке ауылындағы кәсіпкер Бағзат Қасымбекова 2013 жылы мемлекеттен 3 миллион теңге алып, «Ниет-Ай» жекеменшік балабақшасын ашты. Осылайша ол 16 жұмыс орнын ашты. Бүгінгі күнде бұл балабақша заманауаи жиһаздармен, балаларға қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Қазақстан Британ Техникалық Университетінің түлегі Әсел Нуриева да үкіметтен жеңілдетілген несие алып, аудан орталығынан «Болашақ кемеңгер» атты балабақша ашты. 70 балаға арналған осы бақшада 26 жұмыс орны ашылды.
Осы бағдарлама арқылы Өтеген батыр кентінің тұрғыны Алтын Айтказарова аудан орталығынан «Алтын Стом» атты тіс емдейтін клиника ашты. Алған несиесіне клиникаға қажетті медициналық құралдарын алып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Клиникада 3 дәрігерге, 3 медбикеге, 1 техникке, 1 санитарға жұмыс орны ашылды.
Бағдарламаның үшінші бағыты - бойынша жұмыспен қамтуға 323 адамды қамтуға 58265,0 мың теңге бөлінді, орындалуы 360 адам.
Қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына - 159 адамды, оқытып тұрақты жұмысқа орналастыру.
110 адам тігінші, аспазшы, электрик, электржабдықтаушы, тракторист механизатор және газбен электрдәнекерлеуші, хатшы референт мамандықтары бойынша «Прогресс» политехникалық колледжіне қайта даярлау курстарынан өтіп, тұрақты жұмысқа орналасты. Мәселен, Покровка ауылының тұрғыны Орал Құрманғалиев өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмағандықтан жұмыспен қамту орталығы арқылы «Прогресс» политехникалық колледжі арқылы электр жабдықтау мамандығы бойынша курстан өтіп, «маслодел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тұрақты жұмысқа орналасты.
Әлеуметтiк жұмыс орындарын құруға 71 адаммен әлеуметтік шарттар түзіліп, 14 жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында жұмыс жасауда. 122 адам жолдама арқылы жастар практикасына жіберілді.
Ауданның барлық экономика салаларында 2016 жылдың 1 қазанына -1579 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның iшiнде, «Нұрлы жол» бағдарламасымен - 458 орын, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы» - 219 орын, «Агробизнес - 2020» - 8 орын, «Аумақты дамыту бағдарламасы» - 174 орын, «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» - 245 орын, «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған» - 138 орын, жеке кәсіпкерлерде - 337 орын. Сонымен қатар саудада - 170, өнеркәсiпте - 376, ауыл шаруашылығында - 34, білім және денсаулық сақтау саласында-170, көлік және қоймалау саласында - 40, құрылыста - 597, басқа салада - 192 орын және 536 уақытша маусымдық жұмыс орындары ашылды.
Жалпы алғанда аудандық жұмыспен қамту орталығы жерлестеріміздің әл-ауқатын жақсарту бағытында Елбасының тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде бірталай жұмыс орындары ашылып, көптеген адамдар жұмыспен қамтылды. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы ауданымыздың экономикалық даму қарқынына серпін беріп, әлеуметтік шиеленістің алдын алуға алғышарт жасап отыр. Сондай-ақ, адамдардың күнкөріс жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруда, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде.
Әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері қоян-қолтық ынтымақтаса еңбек етіп жүрген ауданда болашақта да жаңа жұмыс орындары ашылады деген нық сенімдеміз. Қолға алынған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында бұл меженің де ойдағыдай орындалатынына айқын айғақ бола алады демекпіз.